Жаңа дәуір жылнамасы
Президентіміздің есімімен байланысты әрбір жаңа кітапты көз тоқтата оқып, керекау деген тұстарын белгілеп қоятын ғадетім бар. Ал, мына еңбектің жөні мүлдем бөлек екен. Еліміздің соңғы 26 жылда өткен тұтас дәуірге жүк боларлық шежіресін, құбылыстар мен оқиғаларды аға ұрпақ жақсы сезінеді. Әрбір шындық салыстырудан көрінеді. Біз ширек ғасыр бұрын ғана, кеңестік деп аталған қоғамдық формация дәуірінде туып өскендерміз. Қазіргі ұрпақ өтіп жатқан уақытқа енжар қарамайды, бағасын біледі. Келешек жоспарларын кешегі күннің безбенімен өлшейді. Тарихи еңбек өткеніміз, бүгініміз, келешегіміз жайлы терең ойларға жетелейді.
Адам үмітпен алға қарайды. Өмір болған соң үнемі даңғыл болмайтыны, «әттегенай» дегізетін қиын асу белдері кездесетіні заңдылық. Елбасы шерткен жылнама отандастарымды байсалды ойға бастап, өткен өмірдің сабақтарын зерделеуге ұмтылдырады. Осы арада мына бір ақиқатқа назар аударғым келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай: «Тарих дегеніміз тек өткеннің ғана сабағы емес. Ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі» («Тарих толқынында», 126бет). Демек біздің тарихымыз қолымыздан не келетінін, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене алатын сергек, айқын мақсат жолында табан тірей алатын жігерлі қауым екенімізді дәлелдеп берді.
Кітаптың «Бірінші кезең» деп аталатын тарауындағы «Қазақстан ядролық сынақ алаңын жапқан әлемдегі бірінші ел болды. Сол арқылы ұлт генофондына төнген қауіпке тосқауыл қойды» деген жолдар мені ерекше толқытты. Себебі… Осыдан 68 жыл бұрын Қарағанды, Павлодар және Семей облыстары тоғысқан Дегелеңге ұрымтал тұста орналасқан «Қызыл ту» колхозы қырманының басында мектеп үшін уақытша тігілген қоңырша киіз үйге, бірінші класқа барғаным есімде. Күздің салқыны мен сібірлеген жауыны араласқан жүдеу күн еді. Күзектегі жабырқаңқы ауылдың иті үрмейді, бұзауы мөңіремейді. Халық қаралы. Бір жұма бұрын болашақ оқушы ретінде бізді жинап алып, «бірінші қыркүйек күні келесіңдер, мынау дәптер, кітаптарың» деп жарқылдап тұрған Мұғиын мұғалім көңілсіз. Кеше ғана итті ұлытып, сиырды мөңіреткен, түйені боздатып, жылқыны кісінетіп, шығысқа қарап, жер тарпытқан, гүрсілі мен гуілі аралас дыбыс беріп, аспаннан көрінген қап-қара құбыжық түнере төніп барып, тараған не екенін ол да білмейді, басқалар да білмейді. Біз, балалар жағы, болса, болмаса… Сол күні оқуға кіргендердің арасынан қазір тірі қалғаны – мен және қарағандылық атақты дәрігер Отан Мақышұлы екеуміз ғана. Басқалары бақилық болған. Көбі жастай кеткен. Айтпағым, сол 1949 жылғы 29 тамызда жарылған алғашқы атом бомбасының дауысын естіп, «саңырауқұлағын» көргенім. Полигонның дәл іргесіндегі біздің Арқалық, Едірей, Айрық аталатын ауылдардың бұдан кейін бір кемі жоқ 40 жыл бойғы ядролық сынақтан көрген қасірет-қайғысын, дәл бүгінге дейін жалғасып келе жатқан кеселдерді айтпай-ақ қояйын. Беймәлім дерттен қырылған кәрі-жас, жарымжан туған ұрпақ, айдың аманында өзінеөзі қол салған жеткіншек… бәрін көзімізбен көріп, басымыздан кештік.
Сондықтан, мен Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы бірінші және басты жеңісі деп ядролық қаруларды сынаудың тоқтағанын айтамын. Қалғаны – ертелі-кеш, ілгері-кейінді, бүгін болмаса, ертең орындала беретін шаруалар. Міне, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ерлігін халқым ұмытып бара жатқандай еді, «Тәуелсіздік дәуірінен» кездестіріп отырмын. Және Елбасымыз атом қаруын жою туралы ұстанған бағытын дәйектілікпен жалғастырып келеді. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация» ұсынып, қабылдатты. 2016 жылғы 31 наурызда ядролық қауіпсіздік саммитінде «ХХІ ғасыр соғыссыз әлем болсын!» деп биік мінберден мәлімдеді. «Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесім ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр», деді ол. – Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершілік арқалап отырмыз. Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақылпарасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайырылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ». Мемлекет басшысының салиқалы ұсыныс пікірлері еш дау туғызбайды.
Менің елім – Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесін басқарып отырғанын мақтан етсем артық па?! Ертең жаппай қырып-жоятын қаружарақты шектеу туралы пікірсайысқа Президентім қатысып, адамзатты атом ажалынан құтқару туралы қазақстандықтардың берік байламын жеткізетініне бек сенімдімін. Осының бәрі – «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталған Қазақстанның жаңа тарихы бетінен орын алған айшықты бедерлер.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік
университетінің профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.