Бас тақырып

Жаңа дәуір жауапкершілігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер белгіленді. Әр саланы қамтитын бұл міндеттер, әлбетте, халықтың әл- ауқатын жақсартып қана қоймай, ел экономикасын едәуір ілгерілетуге мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысының сегіз тапсырмасы Үкіметтің жеке құрамы үшін ғана емес, әр қазақстандық үшін маңызды екені сөзсіз. Себебі, жаңа дәуірдің сын-қатерлері кезеңінде өмір сүріп, оны еңсеру керек болғанда, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып, жүкті жұмыла көтергенде ғана діттеген мақсатқа жетуге болатыны анық. Ал, бұл ретте Үкімет шешімдер қабылдаумен бірге оны іске асыруы тиіс. Әлбетте, бұған дейін атқарылған істерді жоққа шығара алмаймыз. Нәтижесін көріп те келеміз. Соған қарамастан, әлі де олқылықтар жоқ емес. Ал, Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған, өзекті мәселеге негізделген сегіз басымдық биылғы жылдың негізгі векторы болмақ.

Суреттер Ақорда
«Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы біз де жаңа технологиялық кезеңге, мүлдем басқа жағдайда өмір сүруге дайын болуымыз керек екеніне тоқталды. Ал, ол үшін сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор болмақ.

– Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қыз­метшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеу­ге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан сегіз мін­деттің біріншісі – экономиканы әрта­раптандыру. Былтыр өңдеу өнеркәсібі са­ласындағы өсім 6 пайызға жуықтағаны­мен, Үкімет әлі де болса, инвестиция сала­сындағы жұмысты күшейтуі қажет. Бұл ретте бюрократиядан арылу – маңызды.

– Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал, – деді Президент.

Жалпы, елімізде бюджет тапшылығы бар. Ол үшін Президент сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн екенін айтады.

– Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге, экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз екенін де нақты айтты.

Президент туризм мәселесіне де тоқталды. Бүгінде бұл бағыттың сын көтермейтінін жоққа шығара алмаймыз.

– Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек, – деді Президент.

Екінші бағыт – Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру. Бұл ретте еліміз энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіп, Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс.

Екінші бағыттың тағы бір мәселесі – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Бірақ, бұл масылдыққа үйрету емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткен тағы бір міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Осы орайда ол Үкіметке жыл соңына дейін бірыңғай ақпарат жүйесін әзірлеу керектігін тапсырды.

Мемлекет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымына да тоқталды. «Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ» деген ол теміржол тасымалын цифрландыру жобаларын уақытылы аяқтау маңызды екенін де айтты. Ал, шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру.

Еліміз цифрландыру ісінде, оның ішінде, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Қызмет көрсетуді ғана емес, тұрғындардың да уақытын үнемдеп, жұмысын оңайлатқан цифрландыру арқылы бюрократия мен сыбайлас жемқорлық қатерлері де азайғаны рас. Бірақ, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дамыған сайын алаяқтықтың да көбейіп бара жатқанын жоққа шығармайды.

Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан, интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ, киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс, – деді ол. Қылмыстың алдын алу үшін барлық ведомостволар бірлесе жұмыс атқаруы керек екенін де тапсырды. Бұл Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған үшінші тапсырмасы.

Елімізде энергия тапшылығы бар екенін әрқайсымыз білеміз. Үкімет отырысында қаралған төртінші мәселе дәл осы энергетикаға қатысты. Үкіметтің алдында тұрған міндет – еліміз өзін-өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Ал, алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет.

Энергия тапшылығы артып келеді. Алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті артып келеді. Бірақ, диқандар мол астық жинағанымен, бидай бағасы арзандап кеткені рас.

– Биыл егіс науқанына кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент бесінші тапсырмада ауылды дамытуда инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек екенін айтып, Үкімет пен әкімдерден тың шешім күтетінін жеткізді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған алтыншы тапсырма – салық-бюджет саясатын реформалау.
– Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда, бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі экономикалық конъюнктура тез өзгеріп жатқан кезеңде таптаурын жолмен жүруге болмайды. Сәйкесінше, жетінші тапсырма да соған негізделеді.

– Ол заман келмеске кетті. Әлем өзгеріп жатқанын көріп отырсыздар. Жаңа мән, жаңа форматтар, ұғымдар мен тәсілдер пайда болуда. Бұл инфляциялық үдерістер мәселесіне де қатысты. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкімет отырысында банктермен диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс дей келе, «Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас», – дей келе, банктер Үкіметтің, соның ішінде, халықтың жауы еместігін де айтты.

– Әлеуметтік қолдау – кез келген мемлекеттің міндеті. «Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет» деді Президент сегізінші тапсырмасында.

– Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуды да тапсырды.

Биыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай атқарылатын іс-шаралар мен жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін жұмыс жүргізіледі.

– Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ, сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет. Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңейтілген отырыс соңында Мемлекет басшысы «Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады» деп сөзін аяқтады.

Отырыста Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндағанын айту керек. Ал, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button