«Білім жүйесімен біте қайнасып келе жатқан жасанды интеллектіні қазақ әдебиеті пәнінде пайдалану – білім сапасына кері әсерін тигізеді. Бұл – қауіпті үрдіс дер едім. Бұған түбегейлі тыйым салған абзал». Қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәні мұғалімдерінің форумында осындай пікір айтылды. Өңірдің қалалары мен аудандарынан жүздеген ұстаз жиналған форумда білім саласындағы басқа да өткір мәселелер көтерілді. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей бастаған облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері және тәжірибесі мол ардагер ұстаздар, тіл жанашырлары, блогерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Ал, спикер ретінде өзге қалалардан тіл оқыту орталығының жетекшілері, магистрлер шақыртылды. Айтулы форум жыл сайын Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында ұйымдастырылады.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей форумның модераторы болды. Әкім орынбасары білім жүйесін заман талабына сай жетілдіріп отырудың маңызына тоқталды.
– Баршаңызды Қазақстан халқының тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылуында зор мән жатыр. Форумның басты мақсаты – тілімізге қатысты күрделі мәселелерді бірігіп шешу. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдістері, мемлекеттік тілде сөйлеудің қажеттілігін арттыру, барлық салада қолданыс аясын кеңейту мәселелері талқыланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік тіл – халықты біріктіретін негізгі құндылық» деп атап өтті. Сонымен қатар, қазақ тілін меңгермеген отандастарымызға қысым жасамай, ынталандыру керектігін айтты. Тілдің дамуы, балаға қазақ тілінде сөйлейтін орта қалыптастыру – мектептің тікелей міндеті. Сол себепті де, мектептегі ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Әлібек Әлденей.
Модератор жаңа заман бізден жаңа әдіс пен жаңа тәсілдерді талап ететінін айтты. Бүгінгі буын – цифрлық дәуірдің өкілі. Олар ақпаратты қысқа форматта қабылдайды.
«Білім жүйесімен біте қайнасып келе жатқан жасанды интеллектіні қазақ әдебиеті пәнінде пайдалану – білім сапасына кері әсерін тигізеді. Бұл – қауіпті үрдіс дер едім. Бұған түбегейлі тыйым салған абзал», – деген пікірге келсек, бұл пікірді PhD докторы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы Дана Оспанова айтты. Ол «Тіл үйретуге арналған IT жобалар» тақырыбында баяндама жасады. Әлгіндей пікір айтудың себебі мынада: қазақ әдебиеті пәнінде ұстаздар белгілі бір тақырыпта жасанды интеллекті пайдаланып комикстар жасайды. Бұл әдіс шетелдерде сәтті жүзеге асады. Ал, бізде жасанды интеллект әлі жетілмеген. Сөйлемдер қате жазылып, оқушыны жаңылдырады. Бұл – бір. Екіншіден, еліміздегі пән ұстаздары жасанды интеллектіні тиісінше пайдалана алмайды. Өйткені, жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйрететін арнайы орталықтар ашылуы тиіс. Яғни, жаңа заман технологиясымен ел болашағына ие жас ұрпақты оқытқаннан кейін, оған кәсіби тұрғыда және жауапкершілікпен қарау керек. Еуропа елдерінде мектеп және жоғары оқу орындарының ұстаздарын оқытатын кәсіби орталықтардың жұмысы бір ізге қойылған. Үшіншіден, қазақ әдебиеті пәні география, химия, физика, математика секілді пәндерін оқыту әдісінен мүлде бөлек, салыстыруға келмейді. Қазақ әдебиеті пәні арқылы өмірлік көзқарасы қалыптасып келе жатқан оқушының санасына ұлтқа, Атамекенге деген махаббатты қалыптастыруға болады. Ұлттық код осы пәнде жатыр. Сол себепті де, оқушылармен жасанды интеллект емес, кәсіби әрі тәжірибелі мұғалім тікелей жұмыс істеуі тиіс.
Назарбаев университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі, ересектерге тіл үйрету оқулықтарының авторы Айдар Балабек «Тіл үйрету мен оқыту: қайталау себептері» тақырыбында баяндама жасады. Спикер сыныптарды заман талабына сай жабдықтау да білім сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратынын айтты.
– Тілді үйрену мен оқытудағы әлемдік стандарттар мен әдістер отандық ұстаздарға қолжетімді. Оқуға, ізденуге мүмкіндік мол. Ұстаздар осыған баса мән беруі керек. Жаңа стандарт, жаңа әдістің маңызды бөлшегі – жаңа технологиялармен, парта, тақталармен жабдықталған сыныптар. Бұл – оқушыға ақпаратты ұғынықты әрі анық жеткізуде шешуші рөл атқарады. Өйткені, қазіргі оқушылардың санасы компьютер мен гаджеттерге әбден үйренген. Тағы бір маңызды тұсы: мұндай сыныптар мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді, әрі қанаттандырады, – деді Айдар Балабек.
Тіл жанашыры, полиглот және «ЛингваТен» тіл оқыту орталығының жетекшісі Владислав Тен «Формула казахского языка» кітабын облыс ұстаздарына таныстырды. Орыс тілінде жазылған кітап орыс сыныбына қазақ тілін оқытатын ұстаздарға қажетті көмекші құрал екенін айтты автор.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері Айнұр Қалиева «Тілді меңгеруде саралау неліктен керек?» тақырыбында баяндама жасады.
Мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп ту алған» республикалық ағарту жобасының негізін қалаушы Бақытжан Тұрлыбеков оқушыларға батырлар жырын жаттатудың маңызын айтты.
– Ата-бабаларымыз бұғанасы бекіп, санасы қалыптаса бастаған балаға батырлар жырын жаттатуға баса мән берген. Біріншіден, баланың жаттау қабілеті жетіледі, екіншіден, ұл баланың бойындағы мінез, намыс оянады. Бүгінде балалардың тілі кеш шығып, қазақ ата-аналарының күні логопедтерге түсіп тұр. Ал, батырлар жырын жаттаған баланың сөйлеу қабілеті аз уақытта дамиды. Ең бастысы – батырлар жырында бүгінде басты мәселе ретінде көтеріліп жүрген ұлттық код бар, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева қазақ тілінің ғылыми-техника, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға арналған «Сөзжасам» жобасымен таныстырды. Бұл жоба мұғалімдерді тек оқулықпен шектелмей, ғылыми ізденіске жетелейді және жоба негізінде күнделікті қолданылатын терминдер жинақталып, сөздік қорымыз толықтырылатын болады.
С.Сейфуллин атындағы гимназияның 2 сынып оқушысы Әли Жұқабаев өлең оқыды. Талантты оқушыға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өзінің қаламын сыйлады.
Форумда «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауы ресми түрде ашық деп жарияланды. Облысымыздағы 400-ден аса мектептен 4000 оқушы, 2000 ұстаз қатысады деп жоспарланған. Байқау аудандық, қалалық, облыстық кезеңдерден тұрады. Әр мектептен 6-10 сынып оқушыларынан кемінде 10 оқушы және 5 мұғалім қатыса алады. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен, «AMANAT MEDIA GROUP» холдингінің ұйымдастыруымен өтеді.
Форум соңында үздік деп танылған мұғалімдерге облыс әкімінің «Алғыс хаттары» тапсырылды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»