Қарағандыда 1-4 сынып оқушылары футболды жеке пән ретінде оқи бастайды
Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының ұйымдастыруымен дене шынықтыру және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «ALGA!» жобасы аясында оқыту семинары өтті. Жобаға Қарағанды облысы әкімдігі, білім басқармасы және дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті.

Семинардың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысып, аймақтағы футболдың дамуына ерекше тоқталып өтті.
– Облысымызда ала доп бәсекесінің айбыны асып келеді. Облыс әкімдігі «Freedom Шапағат» компаниясымен бірлесіп, бірнеше ауқымды жобаларды жүзеге асырмақшы. Бүгінгі семинар – соның тағы бір дәлелі. Жас жеткіншек спортшылар – болашақтың іргетасы, – деді ол.
Семинарға аймақтың 10 мектебінен 61 мұғалім қатысты. Жаңа оқу жылынан бастап, осы жаттығу жиынына қатысқан Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай және Үштөбе қалаларындағы мектептердің 1-4 сынып оқушылары футболды жеке пән ретінде оқи бастайды. Семинарға қатысқан педагогтер енді әр үшінші дене шынықтыру сабағын футбол бойынша өткізеді.
Дәрістерді UEFA A-Elite санатындағы тәжірибелі жаттықтырушылар Дмитрий Васильев пен Арсен Іңкәрбеков жүргізді. Бағдарлама барысында қатысушылар бастауыш сыныптарда футболды оқытудың заманауи әдістемелерімен танысып, алаңдағы тәжірибелік сабақтарға қатысты. Сонымен қатар, 32 сағаттық футбол сабағының оқу жоспарын әзірлеу жолдарын меңгеріп, сабақтан тыс үйірмелерді ұйымдастыруға арналған ұсыныстар алды.
– «ALGA!» жобасы балалардың шынығуына және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында бастауыш сыныптарға футбол сабақтары, жоғарғы сыныптарға үйірмелер енгізіледі. Қатысушы мектептер спорттық құрал-жабдықтармен қамтылады. Бұл курстан өткен мұғалімдер UEFA D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алады. Аталған сертификат балалар-жасөспірімдер, әйелдер және әуесқой футболымен айналысып, әрі сайыстарда қазылық етуге мүмкіндік береді, – деді жаттықтырушы Арсен Іңкәрбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта осы жоба бағыты бойынша футбол фестивальдері, шеберлік сыныптары, байқаулар ұйымдастырылып, үздік мектептер мен мұғалімдер арнайы марапатталады. Бұл бастама Қарағанды өңірінде футболды жаңа деңгейге көтеріп, болашақта білікті спортшыларды тәрбиелеуге жол ашпақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



