Жаңа базар, қолжетімді баға
Жаңа жыл қарсаңында Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде коммуналдық базар ашылып, онда алғашқы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.
Ботақаралықтар бұл қуанышты сәтті көптен күткен еді. Бұл жерде бұрын арамшөп өсіп, қоқыс жайлаған аумақ болатын. Оның 1500 шаршы метр алаңы тазартылып, жергілікті бюджет есебінен сырты қоршалып, 10 сауда сөрелері орнатылыпты. Жаңа нысанды сол күні аудан әкімі Абылай Сұлтанғали мен кент әкімі Асқар Отыншиев аралап көріп, сатылымдағы өнімдердің бағасымен танысты. Ол дүкен бағасынан әлдеқайда төмен болып белгіленген екен.
Кент тұрғындары жәрмеңкеде биылғы картоп пен көкөністі, ет пен сүт өнімдерін, жаңа жылдық дастарқанға салатын азық-түлік түрлері мен тәтті-дәмділерді керегінше сатып алып жатты. Солардың бірі, сауда жасап, қоржын-қалтасын толтырып алып бара жатқан зейнеткер Марияш Ибраева халық үшін осындай керекті нысанның ашылуына қуанышын білдіріп, тауық жұмыртқасының 10 данасын 530 теңгеден, тағы да басқа азық-түлікті анағұрлым арзан бағаға сатып алғанын айтты.
Енді әр аптаның сәрсенбісінде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жаңадан ашылған осы коммуналдық базарда өтіп тұратын болады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz