Жаңа бастамалар – жарқын келешек кепілі
«Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман» тақырыбында Қарағанды облысы педагогтерінің тамыз конференциясы өтті. Білім беру жүйесінің өкілдері бас қосқан ауқымды жиында қатысушылар мектептерді жаңғырту, кадр даярлаудың кешенді тәсілдері, ұстаздардың біліктілігін арттыру, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және білім беру жүйесін цифрландыру төңірегінде ой өрбітіп, өткен оқу жылында жеткен жетістіктер мен алдағы оқу жылының басым бағыттарын айқындады.

Тамыз конференциясында білім беру өкілдеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Жиынға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова, «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы Қарағанды облыстық филиалының директоры Мейрамгүл Жетпісбаева, Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебінің профессоры Гүлмира Қанай, QazTehna зауытының кадрларды даярлау жөніндегі инженері Жанетта Адаханова, ғылым және білім беру ұйымдарының өкілдері, білім ошақтарының басшылары мен педагогтер қатысты.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев педагогтерді тамыз конференциясының ашылуымен құттықтап:
– Бүгінгі жиынның тақырыбы «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман» аталуы тегін емес, бұл еліміздің табысты болашағы үшін білім жүйесіне жүктеліп отырған нақты стратегиялық бағыт, – деді.
Жасанды интеллект оқу процесіне енгізіледі
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова еліміздің білім беру жүйесінде тәрбие жұмысының тұтастығына баса мән беретін, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуді көздейтін «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүзеге асатын жобалармен таныстырды.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету жоспары іске асырылады. Сондай-ақ, еліміздің 17 аймағында ауыл мектебінің әлеуетін дамыту бойынша «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы қолға алынды. Оның ішінде тірек мектебі, шағын жинақты мектептерге басымдық беріледі. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында бейіндік сыныптар ашу да басым бағыт болып отыр. Барлық мектептерде педагог-кәсіби бағдар берушілер оқушыларға ерте кәсіптік бағдарлау жұмысын ұйымдастырмақ, яғни ерте жастан кәсіптік бағыт-бағдар беріледі. Сондай-ақ, педагогтерді аттестаттаудан өткізудің қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізіліп жатыр.
– 2026 жылы «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жарияланады, соған байланысты білім алушыларды пән мазмұнына байланысты ізденімпаздық ғылыми жобаларға белсенді қатысуына қолдау көрсету – жаңа оқу жылының ерекшелігі болмақ. Биылғы оқу жылында ерекше назар аударатын жайт – жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу. ЖИ педагогті алмастыра алмайды, бірақ әр пән бойынша оқу процесін сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік беретін цифрлық көмекші құрал бола алады. Ұлттық білім академиясы ЖИ-ді оқу процесінде қолданудың интегралдық талаптарын басшылыққа алуды ұсынады. Білім алушылар академия әзірлеген ұсынымдармен қатар, академиялық адалдық ережесін әрбір білім беру ұйымдарында ұстануы тиіс, – дейді Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова.
Қазіргі жаһандану дәуірінде әрбір педагогтің кәсіби дамуы – білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде педагогтің кәсіби шеберлігіне қойылатын талаптарды айқындайтын бағытты «Ұстаз» цифрлық платформасы жүзеге асырады. Аталған платформа білім сапасын арттыру құралы ретінде ұстаздардың аттестациядан өтуіне мүмкіндік береді. Осы орайда, сөз сөйлеген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қарағанды облыстық филиалының директоры Мейрамгүл Жетпісбаева педагогтердің біліктілігін арттыру – заман талабы екенін айта келіп, ұстаздарға биылғы аттестациядан өткізудің жаңа ережелерін таныстырды. Сондай-ақ, білім беру процесіне жасанды интеллектінің енгізілуіне байланысты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, педагогтерге ЖИ-ді оқытуға арналған онлайн-курс әзірлегенін айтып, барша педагогтерді курстан өтуге шақырды. Қатысушыларға онлайн-сертификат берілетінін айтты.
Жаңа жобалар жүзеге асады
Тамыз конференциясында облыстың бүгінгі білім беру жүйесінің мән-жайы мен жаңа оқу жылында атқарылатын міндеттері туралы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов баяндап, аймақта білім берудегі басым бағыттарды атады.
Айтуынша, өңірде жұмыс істеп тұрған мектептерді жөндеу, жаңғырту және жаңа білім ордаларын ашу ісі жалғасып жатыр.
– Жаңа оқу жылынан бастап төрт мектеп жұмысын бастайды. Оның үшеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынды. Бұдан бөлек, Қарағанды, Бұқар жырау және Шет аудандарында осы жоба бойынша тағы бес мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі, – деді облыстың білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов.
Білім сапасын арттыру мақсатында өңір мектептерінде материалдық-техникалық базаның нығаюына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 77 жаңа кабинетке қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде химия, биология, физика, STEM және робототехника кабинеттері бар. Соның нәтижесінде заманауи кабинеттермен жабдықталу деңгейі облыс бойынша 80 пайыздан 85 пайызға өсті.
Сондай-ақ, білім беру жүйесінде әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. Мәселен, 1 қыркүйектен бастап мектеп асханасында тамақтандырудың жаңа стандарты енгізіледі. Бұл жүйе ас мәзірі құрылымын және ұйымдастыру тәртібін түбегейлі өзгертпек. Қазір мектептерде «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету сервисі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Ал, шағын жинақты 212 мектепте «Бизнес әмиян» атты тегін мобильді қосымша іске қосылды. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы 10 мың оқушыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін әр балаға 46 228 теңгеден қаржылай көмек берілді.
Мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасау, олардың мәртебесін арттыру және біліктілігін жүйелі түрде жетілдіру де назардан тыс қалмады. Бүгінде аймақта 24 мыңнан аса педагог бар.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» жобасы аясында басқарушы кадрлар резервін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда 10 педагог іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, басшылық қызметтерге тағайындалды. Биыл осы жоба бойынша 12 үміткер кәсіби деңгейден өтуде. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап директорлық кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған «Болашақ басшы» жобасы басталады, – деді Мейіржан Жәкенұлы.
Осы мақсатта барлық білім беру деңгейіне арналған «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект» атты модульдік оқыту бағдарламасы әзірленген.
– Жаңа оқу жылы жүйелі шешімдер мен нақты әрекеттер кезеңіне айналуы тиіс. Бүгін қаралып жатқан мәселелер – жай ғана жоспар емес, оларды тиімді әрі жауапкершілікпен жүзеге асыруды талап ететін нақты міндеттер. Президентіміз елдің болашағы білімді, рухани бай және мәдениетті ұрпаққа байланысты екенін атап өтеді. Сондықтан біздің мақсатымыз – әрбір баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Биылғы облыстық бюджеттің шамамен 48 пайызы білім саласына бағытталған.
Жетістік – білім сапасының айғағы
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші оң өсімге ие болған. Айталық, биыл облыста «Алтын белгі» иегерлері былтырғы жылмен салыстырғанда 83-ке көбейіп, үздік аттестат алғандар саны да 109-ға артқан.
– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «Диджитал Математика» жобасының арқасында математика пәнінен білім сапасы 7-12 пайызға өсті. Сонымен қатар цифрландырудың негізгі құралдарының бірі – Bilimal-Test платформасы. Қазір оған облыстың 302 мектебі қосылған. Бұл жүйе ҰБТ-ға дайындықта ғана емес, оқушылардың білімін тұрақты бағалауда да кеңінен қолданылады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов.
Қарағандылық оқушылар биыл республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Сонымен қатар, облыстың төрт бірдей мектебі – №1 және №2 «Білім-инновация» лицей-интернаттары, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты және Қ.Сәтбаев атындағы гимназия – республикадағы үздік олимпиадалық 100 мектептің қатарына енген.
Инклюзияға қолайлы жағдай жасалады
Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, қоғамға бейімдеу – мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда, Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Облыстың білім басқармасының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде мұндай балалардың 85 пайызы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзету қызметтерімен қамтылған. Мұны одан әрі кеңейтіп, арнайы білім беру ұйымдарының санын көбейту – бүгінде өзекті мәселелер қатарында.
Жаңа оқу жылында Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернатта ақыл-ойының дамуы жеңіл және орташа деңгейде бұзылған балаларға арналған төрт арнайы сынып ашылады. Дәл осындай сыныптар №1 арнайы мектеп-интернатында да жұмыс істейді.
2026 жылы Қарағандыда ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған он бірінші арнайы мектеп-интернаттың ашылуы жоспарланған.
Бүгінде облыста Аутизм орталығы жұмыс істеп тұр. Орталық жыл сайын шамамен 400 балаға көмек көрсетеді. Алайда, өңірде осындай тағы бір орталық ашу қажеттілігі туындап отыр.
– Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын құру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жыл соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балаларды қажетті жағдайлармен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ, 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларға қолдау көрсету орталығын және Қарағандыда ақыл-ой дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат ашу қажет. Бұдан бөлек, Бұқар жырау ауданының әкімдігіне білім басқармасымен бірлесіп, осы жылдың қарашасына дейін психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін іске қосуды жүктеймін. Келер жылы осындай шаралар өңірдің барлық аумағында жүзеге асырылуы тиіс, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Биыл қыркүйектен бастап облыстағы барлық арнайы мектеп-интернаттарға ресурстық орталық мәртебесі беріледі. Қазір инклюзияны қолдау бағытында небәрі екі облыстық ресурстық орталық жұмыс істеп тұр, ал күзге қарай олардың саны он екіге жетпек.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды
Қарағанды облысында жаңа ауқымды бастама – «Кітап оқитын ұлт» жобасы іске қосылады. Мақсаты – елімізде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру. Бұл бастама AMANAT партиясының қолдауымен жүзеге асырылмақ. Жобаға Қарағанды облысынан 45 мыңнан аса адамды қамту жоспарда бар. Оның ішінде мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер мен ата-аналар және мемлекеттік қызметшілер бар. Олардың әрқайсысы алты ай ішінде 15 кітап оқуы тиіс. Жоба қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі. Кітаптар тізімі қатысушылардың жасы мен таным көкжиегіне сәйкес жасақталады. Облыстық деңгейдегі жеңімпаздар дипломмен, медальмен және ақшалай сыйлықпен марапатталады. Ең жоғарғы жүлде құны – 1 млн теңге.
– Басты мақсатымыз – қазақстандықтардың кітап оқу деңгейін жылына кемінде 10 кітапқа жеткізу. Байқау арқылы біз оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, кітапты мектеп кезінен бастап тұрақты әдетке айналдыруды көздеп отырмыз, – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қорының атқарушы директоры Аян Сақошев.
Байқау қыркүйек айында басталып, қорытындысы 2026 жылдың наурыз айының соңында шығарылады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оқырман мәдениетін қалыптастыру, дамыту – өңірдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, жобаны кідіріссіз жүзеге асыру қажеттігін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін қалыптастыруды ұлттың прогрессивті ойлау жүйесінің негізі деп бағалады. Сондықтан, «Кітап оқитын ұлт» жобасын толық қолдап, кітапхана қызметін жетілдіру, оқушыларды, педагогтерді және ата-аналарды кітап оқуға шақыру өте маңызды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жиын соңында Қарағанды облысының үздік педагогтеріне және білім саласының басқа да қызметкерлеріне мемлекеттік және салалық наградалар, Құрмет грамоталары мен төсбелгілер, министрлік Алғыс хаты табысталды.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»