Жаңалықтар

“Жаңа басшы арманға жеткізсін”

Үйде дауыс берген 72 жасар сайлаушы осылай дейді.

Әлихан Бөкейхан ауданындағы Восток-2 тұрғылықты мекен-жайының тұрғыны Екатерина Умурянға #163 сайлау учаскесінің комиссия төрағасының орынбасары Бақыт Қазалиқызы арнайы барды. Еліміздегі әрбір тұрғынның даусы Жаңа Қазақстан үшін маңызды болғандықтан төраға орынбасары бұл ісін жауапкершілік деп санайды.

72 жастағы Екатерина Федоровна қазір зейнетте. Ол Қостанай облысы Қарасу ауданында дүниеге келген. Сонда аудандық ауруханада 40 жыл дәрігер болып қызмет атқарған. Өмірлік жолдасы мен екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірген. Балаларының барлығы аяқтанып, өмірде өз жолдарын тапқан. Зейнеткер Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына зор үмітпен қарайды.

– Біз секілді үйден шыға алмайтын жандарға осынша көңіл бөлген мемлекетіме, еліме мың алғыс. Бүгін біз Отанымыздың дамуы жолындағы алғашқы қадамдардың бірін жасағалы тұрмыз. Барша қазақстандықтарды өз таңдауын жасауға шақырамын. Қазақстанның жаңарғанын көру біз үшін талайдан бергі арман. Жаңа басшы аңсаған арманға жеткізсін деп дауыс бердім, – дейді Екатерина Умурян.

Жансая АМАНТАЙ

Басқа материалдар

Back to top button