АймақБалқаш

Балқаштағы №12 мектепте Saryarqa FIRST Regional бағдарламасы жүзеге асуда

Балқашта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №12 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы цифрландыру дәуіріне қадам басып, күн сайын жаңарып келеді. Мектепте оқу кабинеттері жаңартылып, интерактивті тақталар мен смарт-панельдер орнатылған. STEM зертханалары, жобалық және зерттеу жұмыстары оқу үдерісіне кеңінен енгізіліп, роботтехника бағыты бойынша Saryarqa FIRST Regional бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл туралы директорының міндетін атқарушы Гүлзада Манатаева мәлімдеді.

Сурет автордан

Мектеп кітапханасы цифрлық форматқа көшіп, оқушылардың өз бетінше ізденуіне мүмкіндік беретін заманауи ортаға айналған. Сонымен қатар, мектеп жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне белсенді енгізіп отыр. Мұғалімдер ЖИ көмегімен интерактивті тапсырмалар, интеллект-карталар, бейнепрезентациялар әзірлеп, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруда. Жаратылыстану және информатика сабақтарында виртуалды тәжірибелер, 3D модельдер мен PhET симуляциялары қолданылып, күрделі ғылыми құбылыстарды түсіну жеңілдетілген.

– Ал, гуманитарлық пәндерде мәтін талдау, логикалық ойлау мен тілдік сауаттылықты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мектеп педагогтері кәсіби дамуға тұрақты түрде қатысып, олардың цифрлық педагогика мен жасанды интеллект бағытында біліктілігін арттыру да назарда. Барлық ұстаздар генеративті модельдер мен промт-инжиниринг бойынша курстардан өткен. Оқушылар халықаралық роботтехника жарыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді, – деді №12 жалпы орта білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлзада Манатаева.

Сонымен қоса, ол білім сапасын арттыруда ата-ана мен мектеп ынтымақтастығы да маңызды екендігін атап өтті. Осы мақсатта ата-аналарға арналған семинарлар, ашық есік күндері мен кері байланыс кездесулері жүйелі түрде ұйымдастырылуда.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button