Бас тақырып

Жаңа бағыттар айқындалды

Елімізде тағы бір күн тарихи маңыздылығымен ерекшеленді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу рәсімі болып өтті. Президент өз сөзінде  өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңіп шыққанын жеткізді. Ол сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында халықпен кездесу өткізіп, азаматтардың көптеген өтініштерінің орынды, заңды екенін білдірген еді.

Президент сөзінен халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қордаланған өткір әлеуметтік-экономикалық мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылданатынын білдік.

Ұлықтау рәсіміндегі сөзінде қазіргі уақытта баса мән берілетін маңызды бағыттарды белгіледі. Олар, біріншіден, сыбайлас жемқорлық мәселесі. Мұндай қоғамға қайшы теріс пиғылдың алдын алуға бағытталған құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерде алуан түрлі стандарттар әзірленіп, жемқорлықтың туындауына, тәуекелділік тұстарына қаншама ішкі талдау жүргізу ережелері мен іс-шаралар жоспарлары енгізілді. Бұл қылмыстың мәні, біріншіден, мемлекеттің халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, оның экономикалық және әлеуметтік үдерістерін реттеудегі орнын төмендетеді. Екіншіден, қоғамда жалпы қылмыстың орын алуына түрткі болады. Үшіншіден, соның салдарынан адамның бойында билікке, билік өкілдеріне, өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау қабілетіне деген сенімі жоғалады. Санай берсек, тигізер зияны мейлінше көп. Оған қарсы іс-қимыл жасау кез келген өркениетті ел үшін маңызды мәселелердің біріне айналып, мемлекет саясатының басым бағытын құрайтыны да сондықтан. Міне, осы мәселелерді Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше бөліп тұрып атады.

Өз алдына қоғамда үлкен серпіліс тудырған жайттың бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Сөз жоқ, қазақ халқы өз тарихында басынан небір сындарлы, алапат, ауыр замандарды кешсе де, ел болып салтдәстүрімізді, тілімізді, ділімізді сақтап қалды. Ол – осы асқақ рухты берік ұстанудың арқасы. Енді алдағы уақытта да асыл құндылықтарды дәріптеу ісі нақты да түпкілікті қолға алынатынына сеніміміз мол.

«Bolashaq» академиясының профессорлық-оқытушы құрамы да бұдан шет қалмақ емес. Бұл бағытта латын әліпбиіне көшу, ұлттық кодты сақтау, бәсекеге қабілеттілік, жаңа гуманитарлық білім – қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер» жобалары бойынша халқымыздың материалдық және рухани әлемі – тілі мен әдебиеті, өнері мен мәдениеті, салты пен дәстүрі, әдеті пен ғұрпын жандандыру және насихаттау, сондай-ақ еліміздегі басқа ұлттардың өзіндік бет-бедерін, елдік асыл қасиетін, рухани тектілігін сақтауға қызмет ету, кейінгі ұрпақтың бәсекеге қабілетті, білікті өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасау бойынша қоғам үшін игілікті шаралар атқарып жатырмыз.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ жастардың болашағына ерекше мән берілетінін мәлімдеді. Қазақстанның кемел келешегін жасау үшін жастардың тегеурінді қозғаушы күш болуы қажеттілігін атап өтіп, игі бастамаларды қолға алуға үндеді. Соның нақты айғағы ретінде Президенттік кадрлық резервті қалыптастыру бойынша үш жүздей жасты таңдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын білеміз.

Ең бастысы, қоғамымыздың әр әлеуметтік тобы үшін мызғымас сенім керек. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру туралы Жарлық етті. Осының бәрі халықтың жарқын өмір сүруі үшін қажет.

Оның басты кепілі – Президент болмақ.

Құралбай МЕҢЛІБАЕВ,

«Bolashaq» академиясының ректоры.

Басқа материалдар

Back to top button