Жаңалықтар

Жаңа бағдаршамның жарығы

Бағандағы бағдаршамның бір ғана түсінің қатар қосылуы өміршең өзгеріс тудырды. Қарағанды қаласында енді қызыл мен сары шам қатар жанып, жүргізушілерге қозғалысқа дайындалуға жағдай жаратты. Ұлттық стандартқа сәйкес жасалған, қауіпсіздік мәдениетін нығайтудың нақты тетігі, жол-көлік қозғалысы мен жаяу жүргінші тарабының мәмілесін ыңғайлы ете түспек.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

1-10 қараша аралығында облыс орталығында бағдаршам нысандардың жұмысы жаңартылып, сигнал беру реттілігі өзгеруде. Енді қала көшелерінде қызыл мен жасылдың арасында жаңа комбинация – қызыл және сары шам қаз-қатар жанатын болады. Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өкілдерінің мәліметінше, мұндай өзгерістер «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану ережелері» ұлттық стандартының 7.27-тармағына сәйкес жүзеге асуда. Тың бастама жергілікті полиция департаментімен де бірдей келісілген. Бұған дейін Қарағандыдағы бағдаршам атаулысында «қызыл мен сары» белгісінің бір мезетте жану тәртібі болмаған. Ал, бұл қос түстің қатар жануы жүргізушілерге жасыл шамның жақында жанатынын білдіреді, яғни, көлік қозғалысына дайындалуға мейлінше мүмкіндік береді. Дегенмен, алға жылжуға әлі ерте. Нақ қозғалыс тек жасыл жанғанда ғана басталуы тиіс. Мамандардың айтуынша, осы жаңашылдықтың басты мақсаты – жол қиылыстарындағы қозғалысты бірқалыпты ету, кенеттен старт алуды азайту мен қауіпсіздікті арттыру.

– Мұндай талап ұлттық стандартта бұрыннан бар әрі халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді. Озық жүйе Қазақстанның өзге қалаларында бірнеше жыл бойы табысты қолданыста болып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруда өз тиімділігін көрсеткен. Ендігіде Қарағанды да осы бірыңғай стандартқа көшудің нәтижесінде көлік қозғалысын басқарудың заманауи және автоматтандырылған үлгісін енгізіп отыр.

Мұны тегінде бағдаршамдардың техникалық жаңартылуы ғана емес, жалпы жол инфрақұрылымын сандық үлгіге көшіріп, зияткерлік көлік жүйесіне көшу бағытындағы маңызды қадам демек қажет. Жаңа жүйе арқылы көлік ағымының тығыздығы нақты уақыт ағымында бақыланып, қозғалыс реттілігі оңтайландырылатын болады. Осы тәрізді жаңашылдықтар апат қаупін төмендетіп қана қоймай, қала көшелеріндегі жүктемені азайтып, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін барынша ыңғайлы жағдай жасайды. Елімізде бірыңғай стандартты енгізу арқылы жол қозғалысының мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігін тәмамдаймыз, – дейді сала өкілдері.

Әкімдік тарабы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден бейімделу кезеңінде ерекше мұқият болуды, уақытша өзгерістер орын алуы мүмкін екенін қосымша ескертеді. Барлық қатысушылардан жол қозғалысы ережелерін және бағдаршам сигналдарын қатаң сақтауды сұрайды.

– Осындай оңтайлы өзгерістің енгізілуі дұрыс шешім деп ойлаймын. Кей-кейде жүргізушілер жасыл шам жанған сәтте бірден жылдамдық алып кетіп жатады. Демек, жаяу жүргіншілер үшін қауіпті жағдай тудыратын кез. Енді жаңа жүйе бәрімізге қозғалыс ырғағын түсінуге мүмкіндік береді, – дейді қала тұрғыны, жаяу жүргінші Айгүл Сапарбекова. – Қызыл мен сары шамның қатар жануы – ескерту сияқты белгі. Яғни, жүргізушіге де, біз сияқты жаяу жүргіншіге де «қозғалысқа дайындал» дегендей ишарат. Ең бастысы, бәріміздің қауіпсіздігіміз ғой. «Мәдениет мәжбүрлеуден басталады» деген қанатты сөзді осы орайда қолданған орынды болар. Қауіпсіздік мәдениетіне қадам дегенімізде қала көшелеріндегі жаңа реттілік жүргізуші мен жаяу жүргінші арасындағы өзара түсіністі күшейтіп, жолдағы тәртіп пен сабырды қалыптастыруға оң әсер ететіні шымылдықсыз шындыққа айналады. Салыстырмалы түрде алғанда, республиканың бірқатар қалаларында (Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және т.б.) мұндай жүйе бірнеше жыл бұрын енгізілген. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған ресми мәліметке иек артсақ, жол-көлік оқиғаларының саны кейбір бағыттарда 8-12%-ға азайған болып шықты. Ал, бағдаршам қиылыстарында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқыс оқиғалар шамамен 15%-ға кеміген. Көрнекі көрсеткіштер жаңа сигнал реттілігінің тиімділігін айқын дәйектесе керек-ті. Қарағанды – республика орталығындағы ірі өндірістік әрі көлік торабы. Мұнда тәулігіне 200 мыңнан астам көлік қозғалысы тіркеледі. Оның шамамен 30%-ы орталық магистральдар арқылы өтеді. Осы тұрғыдан алғанда, бағдаршамның әр секундтық кідірісі немесе дұрыс түсіндірілмеген сигнал жүздеген адамның қауіпсіздігіне әрқилы әсер ететін фактор. Сондықтан, қаланың бірыңғай ұлттық стандартқа көшуі жол қозғалысын интеллектуалды басқарудың жүйелі сатысы деп бағамдаған ләзім. Жаңа тәртіпке бейімделу уақыт алады. Бір сөзбен тұжырсақ, қауіпсіздік мәдениетінің жаңа кезеңі бұл. Мұндай соны өзгерістер қоғамның өзара жауапкершілігін, жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ортақ тәртібін қалыптастырады. Көптеген озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жол қозғалысы мәдениетінің деңгейі – қоғамның жалпы тәртіп пен өзара сыйластық деңгейінің шарайнасы тәріздес. Қарағандыдағы бұл бастама да дәл сол бағыттағы сенімді қадам.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button