Жаңа бағдарлама бұқараға не береді?
Жұмыссыздықты жоюда пәрмені күшті су жаңа бағдарламаның бекітілгенінен бұқара бейхабар болмауы тиіс. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен дайындалған Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы көпшіліктің жұмысын өнімді етіп, бұқараның кәсіпкерлікке бет бұруына ықпалын тигізеді деп күтілуде. Атап айтқанда, бұл бағдарлама іске асқан жылдары жұмыссыздықтың үлесі 4,8 пайызға төмендейді деген болжам бар. Сонымен, тұрғындардың талайы несібесін табады дейтін бұл бағдарлама бұқараға не береді?
Сөйтіп, 2017 жылдан бастап, бес жыл бойы «Даму» қоры бағдарламаның іске асуына мұрындық болады. Аталған бағдарлама екі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт – 24 мамандық бойынша оқыту немесе қайта даярлықтан өткізу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту. Екінші бағыт – әрекеттегі кәсіпкерге және жаңа бизнес бастауларға шағын несие беру.
Бірінші бағыт – біліктілікті көтеруге және жұмысқа орналасуға, өз ісін ашуға мүмкіндік. Ол үшін Жұмыспен қамту орталығы облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының арасынан өзін-өзі қамтыған және жұмыссыз жастардың арасынан 18 және 44 жас аралығындағы біліктілігі жоқ мақсатты топты анықтауы тиіс. Өзін-өзі қамтыған тұрғындар қатарына жеке өндірісте табыс табу үшін тауар өндіретін, жұмыс және қызмет көрсететін жеке тұлғалар жатады. Дәл осы топ облыстың шағын бизнес субъектілерінің санын арттыруға мүмкіндігі бар дейді мамандар. Жұмыссыздар оқуға немесе белгілі бір мамандық бойынша қайта даярлықтан өтуге мүмкіндік алады. Соның арқасында сұранысқа ие жұмысқа орналаспақ.
Жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерге «Бастау Бизнес» курсынан өткен соң шағын несиелер беріледі. Бағдарламаның бұл бөлігіне Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы жауапты. Аймақтық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-кеңесші» және «Бизнес-өсім» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негізіне байланысты курстан өткендігі туралы сертификаты да несие алу үшін талап етіледі.
Қарағанды облысы бойынша «Даму» қоры филиалының директоры Гүлнәр Хасенованың айтуынша, бағдарламаның екінші бағытын жүзеге асыруда «Даму» қоры белсенділік танытады.
«Бес жыл бойына жыл сайын қорға банктерге және шағын қаржылық ұйымдарға орналастыру үшін бюджеттік қаражаттар түсіп тұрады. Нақты осы ұйымдар ұсынылған жобалардың сараптамасынан кейін Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал және Қарағанды қаласының кәсіпкерлеріне несие береді.
Оқудан соң кәсіпкер қордың жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына өтініш бере алады. Онда кәсіпкерге бизнес-жоспар жасауда тегін көмек көрсетіліп, сондай-ақ, банкке ұсынылатын құжаттардың пакетін жасауаға қол ұшын созады.
Шағын несиелеудің шарттарына келсек, несие бойынша ставка жылына 6 пайыз, несиенің көлемі 18 млн. теңгеге дейін (8 000 АЕК), несие инвестциялауға 5 жылға дейін және айналымдағы құралдарды толықтыру үшін (саудадан басқа) 3 жылға дейін. Жеңілдік мерзімі шағын несие мерзімінің үштен бірінен артық емес көлемде банктің немесе шағын қаржылық ұйымның шешіміне байланысты болады.
«Даму» қоры бағдарламаның шарты бойынша кәсіпкерлерге кепіл жетпеген жағдайда кепілдік бере алады: бастаушы кәсіпкерлер үшін қарыз сомасының 85 пайызына дейін, әрекеттегі кәсіпкерлер үшін 50 пайызға дейін. Жоба қарастырылып, мақұлданғаннан кейін банк немесе қаржылық ұйым кәсіпкермен несиелеу туралы келісім жасайды.
Қордың Қарағанды облысы бойынша филиалы мына мекен-жайда орналасқан: Қарағанды қаласы, Оңтүстік-Шығыс, Құрылысшылар даңғылы, 4 үй. Барлық сұрақтар бойынша 40-06-69, 55-90-20 телефондары арқылы немесе Karaganda@fund.kz электронды поштасына хабарласуға болады» дейді қор директоры.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА