Бас тақырып

Жаңа қазандық жауратпайды

Саран жұрты үшін жылудың жырына нүкте қойылатын күн жақындап қалды. Жасырмаймыз, мұндағы орталық қазандықтың құрылысы ұзаққа созылды. Енді ел күткен қазандық қаланы «қайнатады». Айта кеткеніміз жөн, аймағымыздағы басқа аудан, қалаларда да жылыту маусымына дайындық ұтымды ұйымдастырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика инфрақұрылымын, оның қуатын үдету қажеттігін айтып, үнемі назарында ұстап отыр.

Алты ай қысы бар Арқаның қысқы маусымға дайындығы қауырт. Әсіресе, өндірістік әлеуеті артқан Саран қаласының қысқа қамданысы тас-түйін. Бұрын мұндағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік-өнеркәсіптік кәсіп­орындарды жиырмаға шамалас шағын қазандық арқылы жылытылып келген. Қаптаған ескі қазандықтың мұржасынан шыққан қара түтін қаланы «қарайтып», ауасын ластайтын. Мамандар әбден тозығы жеткен жерлерді жамап, жасқаған еді. Енді қала мен бұрынғы Резина-техникалық бұйымдар зауытының аралығына, яғни, ашық алаңқайда салынған жаңа нысаннан жылу тарайды.

Жылыту қазандығының жалпы алаңы 10 722 шаршы метрді алып жатыр. Мұнда бас корпус, отын босату галереясы, ұнтақтау және көмір қабылдау бөлімшелері, қосалқы жөндеу цехы, алаңішілік кәріз тораптары, әкімшілік-тұрмыстық кешен мен өрт сөндіру депосы ғимараты бар.

Жаңа қазандық қаланың 80 пайызын жылумен қамтиды. Қазіргі уақытта сынақ режимінен өтіп жатыр. Төрт қазандық іске қосылды. Мұнымен қоса, қысқы отынды қамдап, көмір сатып алып жатыр.

– Жалпы жаңа жылыту қазандығына 264 көппәтерлі тұрғын үй мен 46 әлеуметтік нысанды қосамыз. Біз қазандықты іске қосуды әр кезеңге бөлдік. Биыл екі кезең. Келесі жылы үшінші кезең қосылады. Бұл – «Горняк» шағынауданы, Абай көшесі. Бұл жақтағы үйлерде мүлдем орталық жылу болған жоқ. Енді үйге жылу құбырын тарту керек. Осы мәселені келер жылы қолға аламыз. Орталық жылу қазандығының жобалық қуаты – 130 Гкал. Қала бұған дейін 54 Гкал тұтынып келген. Жылыту маусымына біз екі қазандықпен кірісеміз. Ал екеуін резервте ұстаймыз. Тариф құны бұрынғыша қалады. Қазандықтардың барлығы техникалық тексеруден өткен. Ақауы бар тұстары табылды. Құбырлар қысқа уақыт ішінде жаңасына ауыстырылып жатыр. Қазір бұл бағыттағы жұмысты жобалап қалдық, – дейді Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов.

Қазандықтың барлығы техникалық тексерістен ойдағыдай өткен. Мұны қала әкімі де айта өтті. Автоматикасының, жылу техникасының, энергетика мен химиялық су тазартуының қалай жұмыс істейтінін мұқият бақылаған. «Сарантеплосервис» ЖШС бас директоры Асылбек Төкенов бұл шаралардың жылыту маусымы кезінде қауіп-қатерді болдырмау үшін ауадай қажеттігін айтады.

– Әзірге толық циклге жете алмаймыз. Себебі, күн райы жылы. Ауа температурасы минус 6-8 градусты көрсеткенде орталық тарату пункттеріне жылу жібереді. Сол жерден үйлерге тарайды. Суды тазарту үшін химреагенттер сатып алдық, қазір көмір түсіріп жатырмыз, – дейді «Сарантеплосервис» ЖШС бас директоры Асылбек Төкенов.

Жаңа қазандық энергияны үнемдейді. Температурасы төмен, қайнайтын қабат технологиясымен салынған дейді мамандар. Бұл көмір отынын талғамайды. Кез келген түрін жағады әрі отынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніңіз, тариф үшін тиімді. Мұндай қазандық еліміз бойынша екеу екен. Екеуі де – өзіміздің өңірде, Шахан мен Саранда.

Мұнымен қоса, жылыту орталығында қазандық аумағын ластамау үшін отын қалдығын шығаратын арнайы полигон бар. Зиянды затты тұндыратын газ құбырлары да дайын.

Қаланы бұрын жылытып келген жиырма қазандық резервте болады. Оларды да қысқа қамдап жатыр. Техникалық тексеріс, керек-жарағын қамдап. Әзірге қаланың пеш жағатын екі шағынауданына жылуды осы қазандықтар таратады. Келер жылы көшеге, үйге жылу құбырлары тартылып барып, орталық қазандыққа қосылады.

Қазір тұрғын үй инспекциясының мамандары әр үйдің жылу құбырын тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр. Мұнымен қоса, жаңа жылыту қазандығы 70 адамды жұмыспен жарылқап тұр. Мұнда қаланың бұрынғы қазандығында істеп келгендер де, жаңадан қабылданғандар да бар. Барлығы жаңа қазандықтың қыр-сырын меңгеру үшін арнайы оқыған. Келер жылы орталық қазандықтың жанынан кадрлар даярлау үшін оқу орталығын құру көзделіп отыр.

Сонымен, сарандықтар сарғая күткен жаңа қазандық қалаға қыз-қыз жылу ғана емес, инфрақұрылымын жаңартып, игілік әкеліп отыр. Облысымыздың басқа өңірлерінде де жұмыс кешігіп емес, кестеге сай жүріп жатыр.

– Мемлекет басшысының облыс бойынша тапсырмасына сәйкес жылумен жабдықтау желілеріне техникалық тексеру жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінде тексеру Қарағанды, Приозерск, Саран және Абай қалаларында жүргізілді. Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында жұмыс жалғасуда. Оларды осы айдың соңына дейін аяқтау қажет, – дейді облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
САРАН
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button