Жаңа қазандық 20 мыңнан астам пәтерді жылумен қамтиды
Қарағандыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да үлкен жұмыстар атқарылуда. Оған бір дәлел, биыл салынған үшінші жылу қазандығы. Бұл соңғы 30 жыл ішіндегі ең ірі жобалардың бірі. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды тұрғындарымен кездесу барысында осы мәселеге кеңінен тоқталды.
Деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта магистральдық желілер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алдағы жеті жыл ішінде үшінші жылу қазандығы 1,2 млн шаршы метр тұрғын үйді, яғни, 20 мыңнан астам пәтерді жылумен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жылу сапасын арттыру мақсатында ұзындығы төрт шақырым болатын 15 учаскенің жылу желілері жөнделген.
Одан бөлек, аймақ басшысы қаланың басқа да аудандарындағы мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Мәселен, орталық саябақтағы «Каскад» субұрқақ фонтаны алаңы мен Н.Назарбаев даңғылын жай-күйін көрсетіп, оларды абаттандыру жобасын әзірлеуді тапсырды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz