Білім

Жүзден жүйріктер марапатталды

Мектеп олимпиадасына қатысу оқушының өз еркі болғанымен, дамуына әсер ететіні сөзсіз. Бұл – балалардың мектепте игерген білімі сарапқа салынып қоймай, ұстаздың еңбегі ақталатын сәт. Ең алдымен, мектеп олимпиадасы жоғары оқу орнына түсу кезінде оқушыға артықшылық береді. Ал, мектеп оқушыларының басым көпшілігі үшін бұл – тамаша мотивация.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей дарынды оқушыларға алғыс білдіріп, биік асуларды бағындыруларына тілектестік білдірді.

– Олимпиада – тек қана білім жарыстыратын сайыс қана емес, сонымен қатар, болашаққа көзқарасты өзгертетін мүмкіндік. Бүгін жеңіске жеткен оқушылар – өңіріміздің мақтанышы. Ендігі кезекте облысымыздың абыройын республикалық деңгейде беделді қорғап шығуларына тілектеспін. Ұстаздар мен ата-аналардың еңбегі, жауапкершілігі үшін ерекше алғыс айтқымыз келеді. Бүгінгі жетістік – сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижелі көрінісі. Облысымыздың дарынды оқушылары еліміздің қалаулы азаматы болатындарына сенеміз. Әрқашан білім шыңына өрлей беріңіздер! – деді Әлібек Үсенұлы.

Жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша барлығы 609 оқушы жүлделі орынға ие болды. Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 316 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағытта 290 оқушы марапатталады.

Сонымен қатар, республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен мектептер мен ұстаздарға да арнайы марапаттаулар табысталып, олардың білім саласындағы еңбегі жоғары бағаланды.

Білімімен биіктен көрінген оқушыларға алғыс айтылып, І орынға – 15 000, ІІ орынға – 10 000, ІІІ орынға – 5 000 теңгелік сертификат табысталды.

– Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде ІІ орын алдым. Дипломмен қатар 10 000 теңгелік сертификатқа ие болдым. Олимпиадаға қатысу – мен үшін үлкен жетістік. Үлкен жеңіске жетелеген ұстазыма алғыс білдіремін, – деді №53 мектеп-лицейіні 11 сынып оқушысы Аяулым Оразбаева.

Сайыста «Ең үздік ауыл мектебі» атағы Шет ауданындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне берілді. Мамандандырылған мектеп-лицейлер арасында «Ең үздік олимпиада командасы» бойынша І орынды №1 «Білім-инновация лицей-интернаты» иеленді. Қалалар арасында «Ең үздік олимпиада командасы» бойынша І орынды Қарағанды қаласының командасы, аудан мектептері арасында І орын – Абай ауданының Н.Әбдіров атындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы) жеңіп алды.

«Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры ауыл оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысып, жеңімпаз болған 16 оқушыға 15 000 теңгелік арнайы сертификаттар табыстады.

Дильяра ӘБІШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің ІV курс студенті
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button