Білім

9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңі аяқталды

Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайында өткен 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңін қорытындылау салтанаты өңірдің зияткерлік әлеуетін айқындаған айрықша жиын болды.

Суретті түсірген Бахтияр РЫМБАЕВ

Биыл облыс бойынша 904 оқушы білім бәйгесіне қатысып, соның 416-сы жүлдегер атанды. Бұл көрсеткіш – дарынды балаларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Олимпиаданың басты мақсаты – қабілетті жастарды анықтау, олардың ғылыми ізденісін шыңдау және халықаралық деңгейдегі сайыстарға дайындау.

Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев олимпиаданың мән-маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл білім бәйгесі – тек озат оқушының ғана емес, ұстаздар қауымының, тұтас мектеп ұжымының ортақ жеңісі.

– Біз олимпиаданы жеке бір баланың жетістігі деп қарамаймыз. Бұл – шәкіртті ғылым жолына жетелеген ұстаздың, жағдай жасаған мектептің, қолдау білдірген ата-ананың жеңісі. Білімді ұрпақ – ел келешегінің кемел кепілі. Бүгін сахнаға көтерілген әрбір оқушы – үлкен еңбектің жемісі, – деді басқарма басшысы.

Ол сондай-ақ, облыстық кезеңде мектеп туын желбіретіп шыққан жеңімпаздарға ризашылығын білдіріп, алдағы жауапты сындарға сенім артты.

– Бүгін сіздер өз мектептеріңіздің намысын қорғап, абыройын асқақтаттыңыздар. Бұл – зор мақтаныш. Ертең республикалық, халықаралық білім додаларында көк Туымызды биікте желбіретесіздер деп сенемін, – деді ол.

Биылғы олимпиадада айрықша көзге түскен білім ордаларының бірі – №1 Білім-инновациялық лицей-интернаты. Оқушылары топ жарып, жалпыкомандалық есепте де жоғары нәтиже көрсетті.
Биыл облыстық кезеңге лицейден 71 оқушы қатысып, соның 49-ы жүлдегер атанды. 17 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл – мектеп тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Облыстық олимпиада жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша 13 пәннен өткізілді. Лицей шәкірттері дәстүрлі түрде жаратылыстану-математика бағыты бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Физика, математика, химия, биология пәндерінен жүлделі орындардың басым бөлігі осы білім ордасының еншісінде.

– Бізде пәндік үйірмелер мен тереңдетілген курстар тұрақты жұмыс істейді. Әр оқушының жеке білім траекториясы жасалады. Ұстаздарымыз тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелерді енгізуге басымдық береді. Ең бастысы – балалардың ғылымға деген қызығушылығын ояту. Республикалық кезең – халықаралық олимпиадаларға іріктеудің шешуші сатысы. Бүгінде халықаралық деңгейдегі жеті атаулы олимпиада бар. Сол байқауларға қатысатын ұлттық құрама республикалық кезең нәтижесі бойынша жасақталады. №1 Білім-инновация лицейінің оқушылары қазірдің өзінде республикалық құрама сапында. Бұл – мектептің олимпиадалық даярлау жүйесінің орныққанын, білім сапасының тұрақты деңгейге көтерілгенін көрсетеді, – дейді лицей директоры Жасұлан Алмағанбетов.

№1 Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Әлихан Жұмағали 7-сыныптан бері олимпиадаларға қатысып келеді. Оның сүйікті пәні – биология, сондықтан, осы бағытқа дайындыққа ерекше көңіл бөлген.
– Бұл жетістік – тек менің ғана емес, ұстаздарым мен ата-анамның еңбегінің жемісі. Облыстық кезең мен үшін үлкен тәжірибе болды. Енді республикалық кезеңде Қарағанды облысының намысын қорғау – жауапкершілік. Қарсыластарымыз мықты, дайындықты күшейтіп, білімімді одан әрі тереңдетемін, – дейді жас дарын.

Жабылу салтанатында жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша жүлделі орын иегерлері марапатталды. Сондай-ақ, «Ең жас олимпиада қатысушысы», «Үздік жетекші», «Үздік серіктес» номинациялары табысталып, ұстаздар мен серіктес ұйымдардың еңбегі ескерілді.
Өнерпаз жастардың биі мен әні кештің мазмұнын әрлей түсті. Қазіргі жаһандану дәуірінде елдің бәсекеге қабілеттілігі білім сапасымен өлшенеді. Ғылым мен технология дамыған заманда зияткерлік капитал – ең құнды байлық.

Қасымхан Бүркітұлы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button