Руханият

Жүсіпбек салған жолменен…

Әлихан Бөкейхан ауданындағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде Жүсіпбек Елебековтің туғанына 120 жыл толуына орай «Ән-ғұмыр» концерттік бағдарламасы өтті. Шоқтығы биік Арқа әндері тыңдаушы құлағына майдай жағып, ұйымдастырушылар көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кейінгі көп орындаушының айтуынша, кешегі Біржан, Ақан, Абайдың әндерін бері жеткізушінің бірі ол – Жүсіпбек Елебеков. Оның репертуары Арқа әндеріне де бай.

– Биыл қазақ ән өнерінің шоқ жұлдызы, біртуар Жүсіпбек Елебековтің туғанына – 120 жыл. Ол – ұлт мәдениетінің, оның ішінде, сонау бағзы заманнан қанымызға сіңген бекзада әннің сақталуына, қарыштап дамуына зор еңбек сіңірген тау тұлға. Жүсіпбек – кешегі Біржан, Мәдилердің алтын ізі. Бүгін де біз Жүсіпбектің салған жүз ізін басып келеміз. Ол байыр­ғы ел аузындағы әндерді сыр-сипатын кетірмей, керісінше, түрлендіріп, тыңдарман тамсанатындай етіп, тотытай тарап жеткізген болса, Жүсіпбектің де шәкірттері сахнада өз дарындарымен танылып бағуда. Тіпті, бүгінгі кештің де мәні мен сәнін кіргізетін осы дарынды тұлғаның бай репертуарындағы әндері. Ал, ән орындаушы жастардың қабілет-қарымын байқаған боларсыздар?! Өте жоғары деңгейде. Орындаған әндерін түбегейлі зерттеп, ән тарихын білетіндіктері көрініп тұр. Тыңдарман қауымның үздіксіз қол соғуынан-ақ орындаушылық деңгейді саралауға болады деп ойлаймын, – деді Жаңа Майқұдық мәдениет үйі директорының орынбасары Амангелді Ахметжанов.

Алты қырдың астынан әуелеген Арқа әндерінің шымылдығын Медет Осатаев ашып, зал көрермендерін ерекше күйге бөледі. Ал, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің III курс студенті Нұрғазы Нұрғанибет халық әні «Қарғашты» салғанда залдың әр жерінен тыңдарман қауымның қиқуы естілді.

– Әр әннің өз шырқау шегі және орындаушысы бар деп ойлаймын. Біздің дәстүрлі әндер орындаушы талғайды. Кез келген әнші Біржанның, не Ақанның әнін іліп әкетіп орындай алмайды. Себебі, ән салу құр айқай емес, керек жерінде созу, керек жерінде қысқа қайырудан тұрады. Бұл – орындаушылық шеберлікпен келер бақ. Тәттімбет колледжінің студенті Рәбиға Оралованың орындап шыққан «Аққұм» әні көңілімнен шықты. Аяжан Акеева да Майра салған «Толқыманы» жап-жақсы әсерлі алып шықты, – деді концерт көрермені Алтыншаш Тұрмағамбетова.

Расында, орындаушылар бір ізді емес, жан-жақты дайындалған. Әр орындаушы әнді өз шама-шарқына қарай орындаса да, тыңдарманға құбылта жеткізуді көксегені көрінді.

– Жастарда әнге деген сезім бар. Олар әнді тек орындап қана қоймай өз дауыстарын өздері тыңдап, содан ләззат ала білді. Домбыраның күмбірі мен әуезді әннің үйлескен тұсы, міне, тыңдарман қауымға керегі де осы, – деді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Медет Осатаев.

Қазақ даласының дәстүрлі ән өнерін жеткізуші тұлғасына арнаған ән кеші өз деңгейінде өрбіді. Барлық орындаушыларға арнайы дипломдар мен сый-сияпат табысталды.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button