Жаңалықтар

Жүсекең атындағы ән байқауы өтуде

Қарағандыда күміскөмей әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы VIII республикалық дәстүрлі әндерді орындаушылар байқауы өтіп жатыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған ән додасына еліміздің әр өңірінен 40-қа жуық өнерпаз қатысуда.

Байқаудың негізгі мақсаты – киелі мұраны насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру, талантты жастарымызды анықтап, шеберлігін шыңдау.

Қазылар алқасының құрамында қазаққа әйгілі өнер майталмандары бас қосқан. Ән өнерінің дүлдүлі, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Ғалым Мұхамедин бастаған қазылар алқасының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жақсыкелді Кемалов, Рамазан Стамғазиев және Тәттімбет атындағы ​​өнер колледжінің директоры Сержан Мұсайын, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас директоры Талғат Ыдырысов, мәдениет қайраткерлері – Айтбек Нығызбаев, Ербол Айтбаев бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ән додасы екі кезеңнен тұрады. Оза шапқандарға қаржылай сыйлық ұсынылады.

  • Қатысушылардың өнер көрсету реттілігі алдын ала жеребе тарту арқылы анықталды. Бірінші кезеңнен 36 қатысушының 18-і өтті. Дәстүрлі байқау әдеттегідей жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жеңімпаз бен жүлдегерлер есімдері бүгін анықталады, – дейді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік бас директорының орынбасары Ғазиз Салықұлы.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button