Жүргізушілерге арналған медициналық анықтаманы енді eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы алуға болады
Жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін 073/е нысанындағы медициналық анықтама енді eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Бұған дейін бұл қызметті eGov.kz порталында рәсімдеуге болатын.

Медициналық анықтама – көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын барлық жүргізушілер үшін міндетті құжат. Бұрын азаматтар анықтаманы тек қағаз түрінде, терапевт, психиатр-нарколог, офтальмолог және отоларинголог мамандарынан медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана ала алатын. eGov.kz порталында қызмет іске қосылғаннан кейін бұл процесс айтарлықтай жеңілдеді – пайдаланушылар медициналық тексеруден өтіп, электрондық үкімет порталында өтінім берген соң анықтаманы электронды форматта рәсімдей алатын болды. Енді құжатты алу үшін келесі әрекеттерді орындаса болғаны:
– eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту қажет;
– «Қызметтер» – «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдау керек;
«№ 073/е нысан бойынша медициналық анықтама беру» қызметін таңдау қажет;
– өтінімге Face ID/Touch ID арқылы қол қою қажет.
Өтінім жіберілгеннен кейін анықтама пайдаланушының Жеке кабинетінің тарихында PDF форматында қолжетімді болады. Құжат оны алған сәттен бастап бір жыл ішінде жарамды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz