Жүректің жазылмас жарасы
Биылғы жылы Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 28 жыл толып отыр. Осыған орай, жуырда «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Ерлік даңқы мәңгілік» атты еске алу кеші өтті.
Іс-шараның мақсаты – Ауғанстан жерінде қаза болған және еліне аман оралған жауынгер-интернационалистерді еске алу. Ардагерлерді, жауынгерлерді құрметтеуге үйрету. Ел тарихына, Отанға, халыққа деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу. Еске алу кешіне қаладағы №1, 2 мектептің 8 сынып оқушылары қатысты.
Ауғанстан соғысының ардагерлері – Бекболат Пашенов, Валерий Крупский оқушыларға ауған соғысының ақиқатын айтып, өздерінің ақыл-кеңестерін берді.
1979-1989 жылдарда, яғни, 10 жылға созылған бұл соғыста көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Қайсыбір ана жалғыз боздағынан айрылды, кейбір әйел жесір, кейбір бала әкесіз, кейбір отбасы панасыз қалды. Енді ғана азамат атанып, әскер қатарына алынған қаншама жігіттеріміз ауған даласында жан тапсырды.
Ауғанстан соғысы – жүректегі жазылмайтын жара.
Бұл соғыс аяқталғанымен, оның салдары халықтың жадында мәңгіге сақтаулы. Себебі, соғыстың салдары жауынгерлердің қанымен, аналардың көз жасымен тарих беттерінде өзіндік із қалдырды.
Іс-шарада оқырмандар назарына «Ерлік даңқы мәңгілік» тақырыбындағы сурет көрмесі де ұсынылды.
Өз тілшімізден.
ПРИОЗЕРСК қаласы.