Жүректен – жүрекке
Биыл дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бір ай бұрын басталды. Аталған акция алдағы уақытта екі ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады. Шараға мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, ұйымдар, жеке кәсіпкерлер қатысады. Сондай-ақ, балаларды жаңа оқу жылына керек киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етуге дайын барлық ниетті жандар қол ұшын бере алады. Бұл туралы Білім және Ғылым Министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook парақшасында мәлімдеді.
-
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес, акцияға жаңашылдық енгізілді. Министрлік өкілдері «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, дәстүрлі көмек көрсету механизміне қосымша ретінде, портал арқылы онлайн түрде көмек көрсету туралы келісімге келдік. Ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар www.atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады. «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» акциясының жұмысын ресми түрде іске қосамыз, – деп атап өтті Асхат Қанатұлы.
Нәтижесінде балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықтар алуға көмек көрсетіліп қоймай, мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылмақ. Сондай-ақ, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылау мүмкін болады.
Облыстағы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жауапты облыстың білім басқармасының маманы Ирина Назырованың айтуынша, биыл «Мектепке жол» акциясы «Жүректен – жүрекке!» ұранымен өтеді.
Акцияға қатысты барлық сұрақтар бойынша облыстың білім басқармасының 8 (7212) 343413, 343428, 507881 нөміріне хабарласып білуге болады.
Өз тілшімізден.