Руханият

Оқырмандар «Айбоз ақын» атанған Қайрат Асқарды еске алды

Қазақ Қасымын – дауылпаз, Мұқағалиын – Мұзбалақ, ақиық деп әлпеш­теді. Серік Ақсұңқарұлын «Айбоз ақын» деп төбесіне көтеріп келеді. Бұл атақтың мөрі патшалардың қолында емес, қасиетті халықтың жүрегінде. Кеше ғана фәниден бақиға озған Қайрат Асқарға қалың оқырманы мен қаламдастары, замандастары «Мөлдір ақын» деген атағын беріп қойғалы қашан. Жайық Бектұров атындағы кітапханада оқырманы, замандас, қаламдастары мөлдір ақынын туған күні қарсаңында еске алды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кітапханадағы кештің алдында Қайрат Асқардың ата-анасы, аяулы жары мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай бастаған бір топ қауым марқұмның зиратына барып, рухына құран бағыштады.

Кітапхана төріндегі еске алу кешінде Қайрат Асқардың шығармашылығы туралы түсірлген «Поэзия әлемі» бағдарламасынан үзінді көрсетілді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыды. Бір кезеңде ауылын сағынған ағайынның жүрегінен орын алған «Ауылға кетем мен ертең» әнін Ержан Базарбеков орындады. Бұл өлеңді Қайрат Асқар 16 жасында жазған екен. Кейін белгілі өнертанушы, сазгер, әнші Ерлан Төлеутай әнін жазған.

Еске алу кешіне қатысқан ата-анасы және жақын туыстары Қайрат Асқар турасында естеліктерімен бөлісті. Сөз сөйлегендердің барлығы дерлік ақынды «аңқылдаған, көңілі дархан, әрқашан күлімдеп жүретін азамат еді» деп еске алды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button