Жүректегі кілт
Бұл күнде адамға жігер бергіштер, былайша айтқанда «мотиваторлар» көп. Әлеуметтік желіні, ғаламторды ашып қалсаңыз болды, «ақылшылардан» көз сүрінеді. Бұлар – бай, табысты, үлгілі болуға үйрететіндер. «Жетістікке жетудің пәленше сыры» деген тақырыптағы дәрістерді бүгінде жас буын іздеп жүріп тыңдайды, оқиды. Бір қызығы – әлгі ақыл айтқыштар сол дәрістері арқылы қыруар қаражат табады. Ақпараттарды іздестіріп, есептесеңіз, бұл дегеніңіз көп-көрім табыс көзі. Мұндайда халқымыз «Аңқау елге арамза молда» демей ме?! Осындай тақырыптағы әлемдік әдебиеттер де трендте қазір. Сатылымы мен таралымы сұмдық. Адам болуды, өмірде түзу жол табуды хакім Абай айтып кеткенін біле ме екен осы жұрт. Біздіңше, біледі. Бірақ, мән бермейміз, ден қоймаймыз.

Өмірде жолы болмай жүрген адам күндердің бір күнінде соның себеп-салдарын іздейтінін анық. Оң мен солына қарайлайды, жағдайын, сол кездегі халін таразылайды. Міне, осындай кездерде адам пайдасыз білімге ұрынады. Смартфонын қосып қойып, елге ақыл айтып, ақшасын шытырлатып санап отырғандарға ұрынады. Әрине, ондай білімде керек шығар. Бірақ, әр білім мен ілімнің түбірі, шайқалтпас негізі болса керек. Біз негізсіз, іргетасы жоқ білімді айтып отырмыз.
Мәселен, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңіне жүрек көзін бұрыңызшы. Бала кезде мектепте жаттаған шығарсыз. «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге» деп басталады. Пендені мына жарық жалғанда жарға жығып тынатын бес дұшпанды, өрге сүйрейтін «Бес асыл істі» айқындап тұр. Ал, табысты болудың сырын мына бір тіркесінен ұғасыз: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз». «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз». Немесе, «Сегіз аяқ» өлеңіне қараңыз. «Болмасын кекшіл, Болсайшы көпшіл, Жан аямай кәсіп қыл. Орынсыз ыржаң, Болымсыз қылжаң, Бола ма дәулет, нәсіп бұл? Егіннің ебін, Сауданың тегін Үйреніп, ойлап, мал ізде. Адал бол – бай тап, Адам бол – мал тап, қуансаң қуан сол кезде». Жалпы, «Сегіз аяқ» өлеңі хакімнің шоқтығы биік шығармаларының бірі. Бұл өлеңнен өмірдің шынайы бейнесін, қарқынын енді ғана бажайлай бастаған, немесе, жастықтың мастығымен көкірек көзі ашылмай жүрген әр адамды сілкіп оятатын өлең. «Білгендердің сөзіне, махаббатпен ерсеңіз» болғаны.
Жалпы, Абайдың шығармашылығына үңілсек, өмірде адам жолында кезігетін барлық қиындықтың, сауалдың жауабы – жүректе. «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деген өлеңінде «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме» дейді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»