Спорт

Жүрекке – жігер, өмірге – үміт сыйлаған…

Қарағандыда диализдегі пациенттер мен ағза трансплантациясын жасатқан тұлғалар арасында республикалық спорттық турнир өтті. Аталған жарысқа еліміздің 13 өңірінен 150-ге жуық спортшы қатысты. Ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов қатысып,  жарысқа  қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталған турнир бес жылдан бері өткізілуде. Биылғы бәсекеге Қарағанды облысының командасы алғаш рет қатысып отыр. Ойын ережесіне сәйкес, сайысқа тек диализдегі пациенттер мен ағза трансплантациясын қабылдаған азаматтар ғана қатыса алады. Турнирдің басты мақсаты – ауыр дертпен күресіп, күрделі отадан өткен жандардың да толыққанды өмір сүре алатынын, спортпен айналысуға қабілетті екенін қоғамға көрсету.

– Бүгінде елімізде шамамен 4200 адам трансплантация кезегінде тұр. Осы жарысқа қатысушылардың арасында да сол тізімде тұрған жандар бар. Олар үшін жалғыз тиімді жол – ағза трансплантациясын алу. Сол себепті тұрғындарды, қандай жағдай болмасын, адам өмірін құтқаратын мұндай медициналық қадамға түсіністікпен қарап, донор болуға дайын болуға үгіттегіміз келеді. Өз басым соңғы екі жылда осындай шаралардың ашылу салтанаттарына тұрақты қатысып келемін. Ертеңгі конференцияда біз қандай бағытта жұмыс жүргізіп жатқанымызды жан-жақты баяндап, донорлыққа деген оң көзқарас қалыптастырудың маңызын айтатын боламыз, – деді Айдар Ситказинов.

Жарыс ерлер мен әйелдер арасында жас санатына қарай бөлінген. Олар жүзу (50 м фристайл), боулинг, волейбол, үстел теннисі және дартстан бақ сынауда. Бүгінде боулинг пен дартстан өткен турнир аяқталыпты. Қарағандылық Жанара Рахимованың жасы 46-да екен. 2022 жылы Стамбұлда бүйрек трансплантациясын жасатыпты. Содан бері өмірге деген көзқарасының өзгергенін айтады. Осы жарыста өз санатында боулинг және дартстан сынға түсіп, жүлделі орындарға ие болды.

– Мен бұл дерт туралы тым кеш білдім. Бүйрек сырқатының ең қиын тұсы – диагнозын кеш білу. Өзімді жай шаршадым деп ойлайтынмын. Ал, диагноз нақты қойылғанда ауруым соңғы сатысына жетіпті. Бұл – оңай естілетін сөз емес. Бірақ, сол сәтте қорыққан жоқпын. Өмірді жалғастыру үшін, отбасым үшін, өзім үшін күресу керек екенін түсіндім. Бес күн ішінде Стамбұлға барып, ота жасатып келдім. Қалпыма келу де тез болды. Содан бері спортты жаныма серік еттім. Осы турнирде боулингтен – І орын, дартстан – ІІІ орын еншіледім. Бұл жарыс мен үшін тек спорттық дода емес, тағдырлас адамдардың бір-біріне демеу болатын алаңы болды. Біз бәріміз өмір үшін күрестік, қазір бірге өмірді қайта үйреніп жатырмыз, – деді Жанара Рахимова.  

Айта кетейік, турнир 13-ші маусымға дейін жалғасады.

Шынар ЖҰМАЖАН,

Қарағанды зерттеу университетінің ІІ студенті

Басқа материалдар

Back to top button