Спорт

Жүрек жеңіске жетелейді

Қарағандыда ті­рек-қимыл аппараты зақым­данған, есту және көру қабілеті төмен спортшылар ара­сындағы өткен VIII об­лыстық спартакиада өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған сайысқа 180 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтаған еді. Нәтижесінде, жалпыкомандалық есепте Қарағанды қаласының және Абай ауданының спортшылары үздік атанды.

Сурет облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Бұл сайысқа спорт шеберлері қатыспайды. Қатысуға тыйым салынған. Тек, әуесқойлар өнер көрсетіп, қарым-қабілетін сынады. Былтырға қарағанда биыл қатысушылардың саны артқан. Әсіресе, аудандардан келген спортшылар саны көбейіпті. Атап айтсақ, Абай ауданының командасы – биыл спартакиаданың басты фавориттерінің бірі. Спорттың бес түрінен қатысуға толық құраммен келіпті. Солардың қатарында саламатты өмір салтын ұстанған абайлық Марат Құстаев велосипед теуіп, шахмат ойнағанды жақсы көреді екен. Осы жарыста шахматтан ІІ орын иеленіп, командасына жеңіс сыйлады.

– Мен үшін спартакиада – жай ғана жарыс емес. Күш пен жігердің, бірліктің мерекесі. Өзім осындай турнирлерге үнемі қатысып жүремін. Осы жолы бағым жанып, жүлдегерлердің қатарынан көріндім. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, – дейді ол.

Сарандық жеңіл атлетші Айгүл Балмағамбетова, Дарья Пименова және Зухра Утарова да бар. Олардың мұндай сайысқа алғаш рет қатысулары екен. Өздері топ құрып, топтық сайыста бақ сынаған.

– Спортпен айналысып жүргеніме алты жылдан асыпты. Арбамен жүгірмес бұрын әбден денемді қыздырып аламын. Қолым қалт етсе болды, спортзалға барамын. Одан бөлек, пара бимен де айналысамын. Белгілі бір дәрежеде чемпион болсам деген үлкен арманым бар. Сол арманыма жеткенше спорттан қол үзбеймін, – дейді Айгүл Балмағамбетова.

Ал, теміртаулық Жанна Бакенова ядро лақтыру спортынан сынға түскен. Дәл осындай спартакиадаға бірнеше мәрте қатысып отыр.

– Өзіме жақында ғана ота жасалды. Соған қарамастан жарыс жолына шықтым. Адам болған соң сынақ болады. Сол сынаққа мойынсұнбай, бәріне оң көзқараспен қарау керек. Өзім екі бала тәрбиелеп отырмын. Әрі «Сердце Темиртау» тобының белсенді еріктісімін. Одан бөлек, қолөнерге де, шығармашылыққа да уақыт тауып жүрмін, – дейді Жанна Бакенова.

Жарыс қорытындысы бойынша қалалар арасындағы бәсекеде Қарағанды спортшылары топ жарды. Ал, ІІ орынға – Теміртау, ІІІ орынға – Балқаш қаласының спортшылары табан тіреді.

Аудандар арасындағы чемпионатта Абай ауданының спортшылары үздік атанды. Осакаров ауданынан келген спортшылар – ІІ орын, қарқаралылықтар ІІІ орын иеленді7

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button