Ресми

Жүрек тербеген жүздесу

Халықаралық әйелдер күніне орай Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көпбалалы аналар мен өз саласында жетістікке жеткен әйелдермен жүздесті.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Арнайы шақырылғандар қатарында мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіпкерлер, полиция қызметкерлері болды.

Өңір басшысы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа», кәсіби салада жетістікке жеткен әйелдерге Алғыс хаттар табыс­тады.

– Бүгін облыстың барлық аудандары мен қалаларының, түрлі жастағы және түрлі кәсіп өкілдері, біздің қоғамда болып жатқан жаңару үдерістеріне белсенді атсалысушылар жиналды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Атап өтелік, облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің 30 пайыздан астамы – әйелдер. Әлбетте, биліктің барлық тармақтарында әйелдер көп болғанын қалаймыз. Аналарымызға ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздер жас ұрпақты әрі тұтас ұлтты тәрбиелеп отырсыздар!

Қарағанды облысында «Алтын алқа» – 17 көпбалалы анаға, ал, 49 әйелге «Күміс алқа» табысталды.

Алтын алқа иелерінің бірі – Тамара Сезнева. Ол отбасында жеті бала тәрбиелеуде. Ең үлкен ұлы – 21 жаста, ал, ең кіші баласы – небәрі екі жарым жаста.

– Аналар қоғамда жауапкершілік арқалайды, себебі біз тәрбиелеп өсірген перзенттеріміз – тұтас елдің болашағы. Менің жеті балам бар. Олардың әрқайсысына уақыт пен көңіл бөлуге тырысамын, – дейді Тамара Сезнева. – Мемлекет көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасайтынына ризамын. Менің балаларым оларға жүктелген сенімді ақтап, болашақта елдің игілігі үшін жұмыс істейді деп үміттенемін.

Кездесуде өңір басшысы облыстағы автобус жүргізетін жалғыз әйел Мұңсыз Тілегеноваға ерекше назар аударды. Ол – 59 жаста. Жүргізушілік өтілі – 40 жыл. Соңғы тоғыз жыл бойы Мұңсыз Тілегенова Қарағандының № 3 автобус паркінде жұмыс істеп келеді.

– Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ақтөбеде дүниеге келдім. Менің ата-анам он қыз және үш ұл тәрбиелеп өсірді. 19 жасымда Ақтөбеде троллейбус жүргізушісіне оқыдым, содан бері жұмыс істеймін. Біз Қарағандыға көшкен кезде, жұмыс таба алмаймын деп ойладым, – дейді Мұңсыз Тілегенова. – Автопаркке барып едім, мені кондуктор қызметіне алды. Содан кейін жүргізуші болып ауыстым. Мен өз жұмысымды, әсіресе ұжымымды жақсы көремін.

Өңір әйелдерімен мерекелік кездесу Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button