Жүрек тебірентер махаббат хикаясы
«Шынымен ақын болсаң, артыңда аңыз қалсын» деген екен бір данышпан. Орыстың даңқты ақыны В.Маяковскийді білмейтіндер жоқтың қасы. Нағыз аңызға айналған ақындардың бірі. Оның өміріндегі түрлі махаббат хикаялары да жұрттың жүрегінде. Сондай жүрек тебірентер бір махаббат оқиғасы Париж шаһарында орын алған еді.
Маяковский Татьяна Яковлева есімді аруға құлай ғашық болған. Сезімтал, асқақ рухты ақын сезімін қанша дәлелдегісі келсе де, тәкәппар сұлу пысқырмаған деседі. Пушкин мен Тютчевтің өлеңдерін бойына сіңіріп өскен жан-жақты арудың жүрегін Маяковскийдің жырлары жаулай алмапты. Түк өнбесін білген ақын Мәскеуге жалғыз қайтып кеткен.
Ақын жүрегінде жолы болмаған сезімнің жарасы қалды. Бізге жеткені ақынның «Татьяна Яковлеваға хат» өлеңі.
Ал Татьянаның жүрегінде ақының «ГҮЛДЕРІ» қалған еді.
Ақын Парижде жүріп тапқан қаламақысының барлығын қаладағы ең беделді гүл фирмасының шотына банк арқылы аударған. Сондағы ақынның қалағаны, Татьянаға аптасына бірнеше рет – әр түрлі, ерекше иісі мұрын жаратын – раушан гүлі, қара қызғалдақ, көзтартар шегіргүл, орхидея, астра немес хризантема сияқты гүлдерді апарып тұрса дегені еді.
Сол сәттен бастап Париждегі белгілі гүл фирмасы, қандай ауа райы болмасын, жыл бойы Татьянаның үйіне көз тоймайтын гүлшоғырларды үзбей, дәстүрлі түрде жеткізіп тұрған. Гүлшоғырдың сұлулығы адам айтса сенгісіз және «Гүлдер Маяковскийден» деген жазуы болған. Үнемі солай…
Отызыншы жылдары В.Маяковский өмірден қайтқанда – оған бұл қаза қатты ауыр тиді. Өйткені осыншама уақыт гүл жіберіп жүрген, оны жанынан да артық көретін ақынды маңында жүргендей сезінетін. Сондай бір тәтті сезім жүрегіне дендеп орнығып та қалғанын байқамаған. Ақынды бір күні сол алқызыл гүлшоғырын құшақтап өзі келеді деп күтті ма, кім білсін?…
Гүлдер арқылы жүрегін жаулаған іңкәр сезімсіз қалай өмір сүретінін ойлағанда жаны қатты түршіккен…
Бірақ та, гүл фирмасының гүл әкелуші мамандары ақынның өлімін ауыздарына да алған емес. Ертеңіне баяғы үрдіс бойынша «Гүлдер Маяковскийден» деген өзгермеген жазуы бар, көз тартар гүлшоғыр тағы да жетті.
«Ұлы махаббат – өлімнен де күшті» деген сөз бар. Бірақ көзі тірісінде де көп нәрсеге қолы жетпей жатады ғашықтардың. Алайда бұл іс Маяковскийдің қолынан келді. Ол сезімінің мәңгілік екендігін дәлелдеді. Ақын қайтыс болған отызыншы жылдарда да, ақын туралы мүлдем ұмытқан қырқыншы жылдар да да, «Маяковкийдің гүлдері» тоқтаған емес.
Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің қоршауында қалған Парижде сол көздің жауын алар гүлшоғырларды сатып күнелтті. Әрбір тал гүл «сүйемін» деген ақынның сөзі болса, сол сөздер оны аштықтан һәм өлімнен құтқарып қалды. Кеңес әскері Парижді азат еткенде елмен бірге қуаныштан өксіп жылағаны да өтірік емес. Берлинді бағындырып жатқанда да – «Маяковскиийдің гүлдері» толастамады.
Гүл әкелуші мамандар араға уақыт салып ауысып отырса да, өздерін осы ұлы махаббат хикаясының бір кейіпкері сияқты сезінетін. Мәңгілік махаббат тарихына кірер құпия сөз сияқты, олар әр келген сайын жүректері толқып, жымиып «Гүлдер Маяковскийден» деген сөзді үлкен құрметпен айтатын болған.
Маяковскийдің гүлдері енді Париждей ару қала тарихының бір бөлшегіне айналды…
Кеңестік инженер Аркадий Рывлин бұл ұлы сезім жайлы оқиғаны бала күнінде анасынан естіп, анық-қанығына көз жеткізіп, жалғасы қалай болғанын білуді армандаған. Жетпісінші жылдары Құдай сәтін салып табаны Парижге де жетті.
Татьяна Яковлева әлі тірі (Т.А.Яковлева в 1991 жылы өмірден өткен екен – Е.С). Отандасын қуана қарсы алады. Олар барлық бастан кешкен жәйттар жайлы көп әңгімелеседі. Өмір сүруге қолайлы, құстың ұясындай үйдің барлық жері гүлге толы еді аңыздағыдай… шашына ақ түскен, өзін Ханыша сияқты ұстайтын Татьяна ханымнан жастықтың жалынды махаббат оқиғасы жайлы сұрауға батылы жетпеді. Жүрегін ауыртқысы келмеген болар. Бәрі онсыз да түсінікті еді…
Бір сәт шыдамы әбден таусылып:
– Соғыс кезінде Маяковскийдің гүлдері сізді сақтап қалғаны рас па? деп сұрады.
– Әдемі ертегі сияқты оқиға емес пе? Бірнеше жыл қатарынан солай гүлдің тоқтамай келіп тұруы ақылға сиымсыз ғой?
– Шәй ішіңіз, ешқайда асығып тұрмаған боларсыз деді Татьяна.
Дәл осы сәт есіктің қоңырауы басылып, Аркадидың жүрегі тоқтап қала жаздады.
Ол өмірінде осындай әдемі, үлкен, ұстап тұрған адам көрінбейтін, сезімге толы, ұлы махаббат тұнған гүлшоғырды өмірінде көрмеген. Алтын түстес жапон хризентемесы, күн нұрындай үй ішін жап-жарық кылып жіберді. Осындай күндей нұрлы гүлшоғыр Татьянаға ұсынылғанда, ар жағынан «Гүлдер Маяковскийден» деген сыпайы дауыс жаңғырып қоя берді…
Орыс тілінен аударған Жәлел ШАЛҚАР