Жүрек сырын жырлаған ақын
Қасиетті қара өлеңнің киесі, ұлттық поэзиямызды биік деңгейге көтеруге үлес қосқан қазақ жырының хантәңірі – Мұқағали
МАҚАТАЕВ биыл 86 жасқа толған болар еді.
Жүрек сырын жырлаған ақын
Бұл күн – қара өлеңнің құдіретін сезінген, әсіресе, жанға дауа, көңілге шуақ сыйлайтын сыршыл да нәзік поэзияны сүйетін жыр сүйер қауым үшін үлкен мереке, айтулы оқиға екені сөзсіз. Осы бір ғажайып ақынның шынайы сезім, жүрек қылын тебірентерлік сыршылдыққа толы ғажайып поэзиясы бүгінде барша қауымның іздеп жүріп оқитын сүйікті жырлары екені белгілі. Расымен де, кейбір адамдардан, әсіресе, жас жеткіншектерден «Сүйікті ақының кім?» деп сұрай қалсаң, бірден «Мұқағали» деп жауап береді. Өз басым, бұған қатты қуанамын. Себебі, көзі тірісінде лайықты сый-құрметке ие бола алмаса да, бүгінгі таңда оның есімі де, өшпес өлеңі де халықтың жүрегіне жетіп, өзінің жарығы мен жылуын дарытуда.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам оған, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім, – деп ақынның өзі жырлағандай, оның өзі өлсе де, оқыған сайын жаңа сырларын аңғартып, тереңге тартатын ғажайып жырлары өлген жоқ, өлмейді де. Керісінше, оның жырлары қаншама жылдар өтсе де, келешекке қарай келісті керуен түзеп көше бермек.
Мен де осы ақынның мәңгілік жырларымен сусындап келе жатқан, ақиық ақынның асқақ жырларын сүйіп оқитын оқырмандарының бірімін. Оның сұлу жырларын оқыған сайын, сыршыл ақынның тереңіне бойлап, өлеңге деген қызығушылығым арта түседі. Өзімнің де аздап өлең жазып, поэзияға деген қызығушылығымның оянуына Мұқағали жырлары себеп болды деп ойлаймын. Сондай-ақ, Мұқағалидай ұлы ақынмен бір күнде туғаным – мен үшін үлкен мақтаныш, әрі әркімге бұйыра бермейтін бақыт деп білемін. Сондықтан да, арда ақынның мен үшін орны қашанда ерекше. Әрине, қазақ өлеңінің саңлағы Мұқағали ақынның өшпес, өлмес мұрасын қастерлеп, бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Олай болса, мен де осынау ақиық ақынның жырсүйер ұрпағы ретінде мұзбалақ ақынға деген өзіндік құрметім мен шынайы алғысымды өлең арқылы білдіргім келеді.
Жыр аңсаған әр көңілге нұр құйып,
Мәңгі өлмейтін өлеңі бар тұңғиық,
Бір өзіңсің аспанменен таласқан
Хаңтәңірі секілденген бір биік.
Өмір өзен өлеңменен өрілген,
Өршіл өлең ақ нөсердей төгілген.
Сенің бейнең өзгелерден ерекше
Біздер үшін асқар тау боп көрінген.
Жүректегі жалын оты басылмай,
Жарқылдадың көк аспанда жасындай.
Қасиетті өлең үшін жаралған
Нағыз ақын болар, сірә, осындай!
Ақын едің жыр жазуға тынбаған,
Нәзік сезім, жүрек сырын жырлаған.
Жырларыңды дала естіп, өзен-көл,
Мөлдір бұлақ, мүлгіген тау тыңдаған.
Өтсе-дағы талай жылдар жаңғырып,
Шын ақынның өлмейтіні заңдылық.
Қасиетті қара өлеңнің киесі –
Ұмытылмас ұлы есімің мәңгілік!
Сәбина ИГІЛІК,
Түгіскен жалпы орта білім беретін
мектебінің 11 сынып оқушысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.