Басты тақырыпТұлға

«Жүрегi – жылы, бойы – құрыш»

Өмірдерек

Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, по­лиция генерал-майоры.

1989 жылдың наурыз айынан бастап ішкі істер органдарының орта және аға басшылық құрамдарының әр түрлі лауазымдарында қызмет атқарады.

1991-1995 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы.

1996- 1997 жылы Қарағанды облысы ІІДББ жедел уәкілі, аға жедел уәкіл.

1997жылы Қазақстан Республикасы МТК ҚЖМ әкімшілік құқығы кафе­драсының оқытушысы.

1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай жоғары мек­тебінің Ақмола филиалы әкімшілік құқығы кафедрасы, содан кейін ІІМ Ақмола заң колледжінде қызмет атқарды.

2002 жылы кандидаттық диссертациясын мемлекеттік тілде қорғады. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі ЖАК шешімімен заң ғылымдарының кандидаты атты ғылыми дәреже берілді.

2002 жылы доцент ғылыми атағы берілді.

2008 жылы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды инс­титуты бастығының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

2011 жылы профессор ғылыми атағы берілді.

…Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған алақандай ауыл Ақсу-Аюлы. 1968 жыл. 20 қыркүйек. Қызыловтар әулетінде шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Оныншы перзентін, ұлдың сегізіншісін емірене иіскеген сонда әкесі Ахмедия. Балпанақтай ұл туған анасы Зықан сол жылы Батыр ата атанды. Екі мәрте Алтын алқа алды. Отбасы іштей сәбиге алтын айдарлы ұл деп қараған. Бекер емес. Әкенің үлкен жүрегі, ананың мейірімді жүрегі сезген екен. Сол сезім алдаған жоқ. Араға 49 жыл салғанда балпанақтай ұлдан полиция генерал-майоры шықты. Алтын айдарлы ұлдың азан шақырған есімі – Мирлан еді…

***

Ер Төстікте әкесі «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» демеуші ме еді?! Мирлан Ахмедияұлы Қызылов әкесі үшін сондай еді. Мүмкін, бұл тағдырдың өзіне өлшеп берген талқаны таусылуға аз қалғанын сезген әке жүрегінің лүпілі шығар. Бар-жоғы 2 жастан енді асқанда әкесі Ахмедия небары қырықтың ішінде бұл жалғанға «қош» деп жүре беріпті. Соңында жары мен шиеттей он бір перзенті қалды. Мирланның алдында 9 апа-ағасы, соңынан ерген бір қарындасы барды. Тағдыр салған қайғыны қайыспай көтеріп, балалары-балапандарын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмады. Күндіз-түні еден жуды анасы. Десе де, балаларының тәрбиелі, білімді болуын қатаң қадағалапты. Анасының қара жұмыстан алақаны талай күлдірегенін көрді. Алайда, бір қабақ шытқаны есінде жоқ. Сол себепті анасына Мирлан басын жерге жеткенше иеді. Суреттен көрген әке бейнесі мәңгі жас қалпында жүрегінде сақталған. Ұмытқан емес. Әке мен шеше алдындағы парызы мен қарызды жадында мықтап ұстаған. Бұл – перзенттік парызын ұмытпаған Мирлан…

***

Арманың асқар тау болсын, ең құрығанда соның төбешігіне шығасың дейді қазақ. Тұлымды ұл кезінде әскери киім киген адамды көрсе, бала көңілімен қызығатын. «Мен де сондай боламын!» деген тәтті арман қиялына қанат байлайтын. Арман адастырмады. Ат жалын тартып мінер жасқа келгенде, бірден өмірін ішкі істер ұйымымен байланыстырды. Әскери қызметін 1986-1988 жылдары Н.Ос­тров­скийдің туған жерінде өтеп келуі де кездейсоқ емес сияқты. «Құрыш қалай шынықты?» туындысының авторының туған топырағында әскери борышын өткеруі өзінің де алдағы уақытта құрыштай шыңдалатынан хабар бергендей ме, қалай?! Егер мына өмір үйлесімдіктен тұрады, кездейсоқ ештеме жоқ десек, онда бұл сөзіміздің жаны бар.

Әскерден келісімен, кідірместен ішкі істер органдарына қызметке орналасуы сондықтан болса керек. Оған қоса үлкен ағасы Өмірғалидың милиция қызметкері болуы да, оның форма киюі де, алыстан қол бұлғаған бала күнгі арманына бастай жөнелген.

Форма киіп жүру – бір бөлек. Ал, сол формаға сай білімді, білікті болу – бір басқа. Мұны да түсінген түйсігімен. Сол себепті, сол кезеңде тікелей Мәскеуге қарасты беделді бірден-бір салалық жоғары оқу орны – милицияның Қарағанды жоғарғы мектебіне түсуге белін бекем буған. Дәлірек айтқанда, 1989 жылы Қарағанды қаласының Ленин аудандық ішкі істер органында қызметте жүріп, 1991 жылы оқуға жолдама беріледі. Сөйтіп, 23 жасында тәуекел деп тас жұтатын, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығының арқасында арманға апарар жолдың бір белесін бірден бағындырды. Мирланның ішкі істер органдарына қатысты ізденіске толы ғылыми жолы осы қабырғадан бастау алды. Жоғары орнын үздік тамамдаған ол тәжірибеде жинақтағанын ғылыммен байланыстырды. Бұл орайда Мирлан Ахмедияұлы ұстазы – қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш полковник, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Роза Балбатырқызының бағдар сілтеп, бағыт бергенін аса ыждаһатпен еске алады. Асқан білімді ғалым Роза Балбатырқызы Құлжақаеваның дәріс беруі, ғылым жолына жөн сілтеуі – бұлақтың көзін ашқандық-тын. «Менің талабыма нұр жаудырған асыл ұстазым – Роза Балбатырқызы» дейді ғалым. Ал, жалпақ жұрт Роза апайдың көлденең көк аттыны ғылымның есігі түгілі тесігінен сығалатпағанын жақсы біледі. Көзінде от, көкірегінде сәулесі бардан ғана үміт күтетін. Сол үкілеп үміт етіп, білім мен ғылымның бәйгесіне қосқан тұлпарының бірі – Мирлан еді. Өзгелер шаңға көміліп жатқанда, тұлпары топ жарып, көмбеден бірінші көрінген-тін.

Іздену арқылы Қазақстанның ішкі істер органдары сусап тұрған ана тіліндегі бірнеше ғылыми оқулықтар жазуы – Мирлан Ахмедияұлының бұл жолда тоқтап қалмайтынын және айғақтай түскен еді. Әкімшілік және қылмыстық құқық заңнамасындағы кейбір ақтаңдақтарды жоюда, ана тілінде заңды сөйлетуді өзіне зор міндет санағанын қатарластары, тұстастары жете біледі. Мойындайды. Құрметтейді. Бұл – ғалым Мирлан…

***

Сонымен, біз білетін Мирлан Ахмедияұлы кім? Ғалым, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, полиция генерал-майоры, академия бастығы… Ең бастысы – азамат. Тұлға. Қазақылықтың уызына жарыған, ұлтжандылыққа ұйып өскен тұлымды ұлдан бүгінде қазақтың ғылым-білімі десе, келешегі десе, қарағайдың қарсы бұтағындай қасқайып тұратын тұлға қалыптасты. Алмағайып құбылып, өзгеріп тұратын қоғамдағы билік пен беделдің уыты жігері күшті, қайраты қажырлы азаматты арбай алмады. Адамдықтың ақ туын жоғары ұстаған ол сол туды жыққан жоқ. Лайым, солай боларына күмән да жоқ. Өйткені, ұстанымына берік, антына адал, кісілік пен көшелілікті жия білген, ана сүтімен дарыған арда азаматтық бұл қасиеттерге кір жуытпады. Себебі, «пайда ойламай, ар ойлады» (Абай). Асылдың сынығын қашан тот басып еді дейсіз осындайда?! Рас, тектінің тұяғы қашан тозып еді? Алмас кездік қашан қын түбінде жатқан еді?! Бұл – тұлға Мирлан…

***

Өзгеден көргісі келмейтін, жаны жиренетін әрекетті адам әуелі өз бойынан аластатуы тиіс. Содан соң ғана маңайындағыларға талап қоюға хақылы. Сонда ғана адамның ісі мен болмысы үйлесім табары хақ. Бұл – Мәкеңнің қағидаты. Мұны неге айтып отырмыз?! Мирлан Ахмедияұлы Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы бола отырып, өзінің тәрбиесіндегі курсанттардың білімді ғана емес, ұлтын сүйген, тәлімді тәрбиелі, елдің шын мәнінде арқа сүйер, қорған тұтар азаматы болуын қатаң талап етеді. «Қазақтың қанында бекзадалық ежелден бар. Сымдай тартылған ішкі істер органының қызметкері дәл сондай болуы тиіс. Білімді, білікті, тәлімді, тәртіпті болуымен қатар, өз елінің құндылықтарын білуі керек» дейді Генерал. Ұлттық құндылықтың жоқшысы ретінде Қостанай академиясында дүркін-дүркін өтіп тұратын мәдени-әдеби шаралар соған дәлел дейді әріптестері. Соның ішінде «Домбыра-думан» республикалық фестивальдің академия қабырғасында ұйымдастырылғаны ел көлемінде жоғары бағаланғанын қалың қауым бүгінге дейін айтады. Сонда көзіқарақты қауым руханиятсыз дамудың әсте мүмкін еместігін, ұлттық мұраны ұлықтауда академияның ұйытқы болуы ілтипатқа бөленгеніне куә болды.

Мирлан Ахмедияұлының ұлттық мұраға аса ынтазарлығын – академияның мұражайында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің домбырасын көзінің қарашығындай сақтап, дәріптеуінен аңғарсақ етті. «Домбыра бүгінде академия музейінің төрінен орын алды. Мұражайға келген курсанттар да, сырттан келгендер де Шырақбек атамыздың тұтынған жеке заттарымен, бай кітапханасымен қоса домбыраны қызықтайды. Ұлтжанды азамат Мирлан Ахмедияұлы Шырақбек Қабылбаевтың еліне сіңірген еңбегі мен өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттай түсуі үшін үлкен тұлғаның ұрпақтарымен жиі хабарласып тұрады, музейді толықтыра түсуді де ой­лайды» («Егемен Қазақстан» 26.10.16). Оған қоса кез келген шараның қайнаған ортасында жүруі де «ұлық болсаң, кіші бол» деген даналықты ту еткенін көрсететін секілді. Басқасын айтпағанда, Ұлы Жеңіс құрметіне арналған веложарысқа өзінің арнайы қатысуы курсанттарға тәлім деп бағалайды маңайы. Бұл – тәлімгер, генерал-майор Мирлан…

***

Адал еңбек әманда абыройға бастайды. Жақсылар жақсымын деп айта алмайтын, жамандар жақсымын деп айғайлайтын қоғамда өзінің таза еңбегімен өнген біз білетіндердің бірегейі – Мирлан Ахмедияұлы. Қарапайым милиционерден бастап, генарал-майорлыққа дейінгі аралық өмір белестерінде шелектеп төккен тер мен таусыла ізденген көз май жатыр. Абыройдың асуына таза еңбекпен жеткеніне біз кепіл. «Кiсiге сiдет жүктетпей, Еңбекпен тапқан қоректi» (Абай). Сол себепті де тілеуін тілеген көпшілік Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан Отан қорғаушылар күні қарсаңында полиция генерал-майоры атағын алғанда, бөріктерін аспанға атқан-ды. Лайық тұлға дескен-ді. Халық айтса, қалт айтпайды.

Негізі, «біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі!»

…Бұл – халқының Мирланы…

Ғылыми еңбектері

Академияның және тағы да басқа заң саласындағы жоғары оқу ор­ындарының оқу процесінде М.Қызылов дайындаған оқу-әдістемелік және оқу-тәжірибелік әдебиеттер кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, қылмыстық құқық және әкімшілік құқық бойынша 85 оқу-әдістемелік құралдар және ғылыми жұмыстар жарияланды. Оның арасында 5 ғылыми басылым, 52 ғы­лыми мақала, 22 оқу басылымы, 12 оқу құралы, 1 жедел-тактикалық талдама және 2 электрондық оқу құралы бар. Олардың бірі Қазақстан Республикасы ӘдМ Зияткерлік меншік құқығы комитетінде тіркелген.

Марапаттары

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конститу­ция­сына – 20 жыл» «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін»,

Ішкі істер органдарының ардагері”, «ІІО мінсіз қызметі үшін» І-II-III дәрежелі медальдарымен, «Қазақстан полициясына – 15 жыл», «Қа­зақ­стан полициясына – 20 жыл» және Ресей мен Тәжікстан медаль­дары­мен, ІІМ Құрмет грамотасымен, «ІІМ үздік қызметі үшін» және «Қазақ­стан Республикасы ішкі істер органдары­­ның құр­метті қызметкері» кеуде бел­гісімен марапатталды. 1 дәрежелі «тәлімгер» маман.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button