Ресми

Жәрдемақыға – 55 млрд. теңге

Елімізде жәрдемақының жаңа түрі пайда болады. Ол І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға төленеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұған дейін оларға жәрдемақы төлеу қарастырылмаған.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мүгедек балаларға жоғары жәрдемақыларды тағайындау мерзімдерін анықтауға, бала кезінен І топтағы мүгедекке күтім жасағаны үшін ұқсас жәрдемақы алатындарға оны тағайындау тәртібін жеңілдетуге бағытталған түзетулер енгізгенін хабарлады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң жобасында мүгедектіктің себебіне қарамастан, І топтағы мүгедек адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы енгізу қарастырылған деп мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, І топтағы 66 мың мүгедек адамның бәрі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтамасыз етілмеген. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам жәрдемақымен қамтылады. Яғни, осы адамдарға күтім жасайтындарға төленеді.

Сонымен қатар, баланың денсаулығының бұзылу дәрежесін және өмірлік белсенділігінің шектелуін ескере отырып, құжат жетіден он алты жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлуді қарастырады. Бұл ретте, мүгедек балалардың барлығының жәрдемақылары 16,7-37%-ға артады.

Одан бөлек, мүгедектік және асыраушысынан айырылғаны үшін жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді, сондай-ақ, ата-анасы ажырасқан жағдайда мүгедек отбасылардың жәрдемақы және алимент алу мүмкіндігі бекітіледі.

Жалпы, 2021-2023 жылдарға арналған Заң жобасын іске асыруға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 55 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button