Жұмысты жауапкершілік жандандырады
Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының өткен жылдағы қызмет нәтижелерін бағамдау, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының тәртібін қайта саралау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және тәртіптік жауапкершілік мәселесі, қызметтік әдептің сақталуын бақылау, жекелеген тәртіптік істер жайы кеңінен талқыланды.
Кеңес жұмысын тізгіндеген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібін түсіндіру және қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау бойынша тұрақты негіздегі қадағалау амалдарының маңыздылығын атап өтті.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дина Абаеваның сөзінше тәртіптік жауапкершілікке тартылатын адамдар санының азаюы бұл бағыттағы жұмыстың жүйелілігін аңғартады.
– Департамент тоқсан сайын Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарына тәртіптік практиканы талдау нәтижелерін хабарлайды. Мәселен, 2023 жылы 695 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілік арқалаған болса, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің нақты саны – 475, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде – 220-ны құраған. Негізінде мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарастыру кезінде заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау әрі қызметкердің конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мәнінің зор екендігін әрдайым ескереміз әрі ескертеміз! – деп түйіндеді сөзін Дина Қанатқызы.
Былтыр салалық Департаменттің мемлекеттік органдарда арнаулы «СКУД» жүйесі бойынша қызметкерлердің жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу жөніндегі функциялары кеңейтілген еді. Бүгінде облыс бойынша «СКУД» жүйесі 187 мемлекеттік мекемеге орнатылған. Оның ішінде 86 мемлекеттік органда «СКУД» «Е-kyzmet» ақпараттық қызметпен интеграцияланған. Өсім – 37 пайыз.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Мадияр Өмірқұлов бұл орайда мемлекеттік қызметшілерге екі демалыс күнімен бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Шұғыл, алдын ала күтпеген жұмыстарды орындау үшін мемлекеттік қызметшілер еңбек заңнамасына сәйкес үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартылуы мүмкіндігін қаперге салды.
– Осы жылға мемлекеттік органдар өкілдерінің жұмыс уақыты режимінің мониторингі жоспары бекітілді. Сонымен қатар, 16 қаңтарда әкімдер мен жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен кездесу өткізілді. Онда облыс әкімі аппаратының басшысымен «СКУД» орнату және оны «Е-kyzmet» ақпараттық қызметін интеграциялау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деп мәлімдеді Мадияр Максимұлы.
Өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметте этикалық стандарттар мен нормалардың сақталуын қамтамасыз етуде маңызды жұмыс атқарды. Қатысушылардың күш-жігері мен тиімді үйлестіруінің арқасында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасы мен жауапкершілігін арттыру бойынша кешенді шаралар әзірленіп, іске асырылды. Өткен бастамалар азаматтардың билік органдарына деген сенімін нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға игі ықпал етті. Кеңес жұмысының маңызды нәтижесі мемлекеттік қызметшілер арасында этикалық мінез-құлықтың тұрақты практикасын белгілеу болды. Бұл өңірдегі мемлекеттік басқару органдары жұмысының сапасы мен ашықтығын одан әрі жақсарту үшін мызғымас темірқазық.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz