Жұмыссыздықты жою жолында
Былтыр Қарағандыдағы жұмыспен қамту орталығының қызметіне жүгінген тұрғындардың 81,8 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Яғни, орталықтың мәліметінше, 22223 адамның 18168-і екі қолға бір күрек тапқан. Көңіл қуантарлық көрсеткіш.
Азаматтардың өз кәсіптерін ашуға да орталық тарапынан жәрдем жасалды. Бұл қолдау тетіктері «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының екінші бағыты арқылы қарастырылған. Кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру нәтижесінде жұмыссыз жандар кәсібін қолға алып, өзін-өзі еңбекпен қамтуға мүмкіндік алды. Аталмыш бағыт негізінде 10 адамға жалпы сомасы 29 млн. теңге көлемінде шағын несиелер берілді.
Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде кәсіби қайта даярлау курстарына 599 адам жолданды. Жастар тәжірибесі жобасы арқасында 395 жас маман жұмысқа орналастырылды. Бұл мақсатта қаладағы 88 мекеме-кәсіпорынмен келісімшарт жасалды. 424 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылды.
Сондай-ақ, 30 мекеме-кәсіпорынға бекітілген тізімге сәйкес 449 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді.
Жұмыссыздықпен күрес барысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі елеулі септігін тигізуде. Былтыр әлеуетті жұмыс берушілердің қатысуымен 4 жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкелерге шаһардағы 195 кәсіпорын мен екі жарым мыңнан астам жұмыссыз қатысты. 736 адам жұмысқа орналасты.
Биылдан бастап халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Себебі, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Бағдарлама аясында қазіргі кезде аса қажет мамандықтарға оқыту, ауылдық жерлерде және қалаларда шағын несиелер беруді өрістете түсу, тұрғындарды жұмыспен қамтуды жеделдетуді көздеген үш бағыт нақтыланған. Мұнда 200-ден аса адамды түрлі мамандықтарға баулу, 800-ге жуық адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне және қоғамдық жұмыстарға орналастыру жоспарланған.
Нұрқанат ҚАНАФИН
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.