Қарқаралы ауданында жұмыссыздық деңгейі небары 2,7%
Қарқаралы ауданында жұмыссыздық деңгейі 2,7%-ды құрады. Бұл облыстық көрсеткіштен (4,4%) едәуір төмен. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұлттық жобаның аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жұмыссыз адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.
Кезең-кезеңімен түрлі бағдарламалар қабылданды. Орындалысына да жіті бақылау жасалуда. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 137 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алса, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 19 адам қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға жіберілді.
Сондай-ақ, кәсіп қылам деп ынта білдірген 10 адамның бесеуі маусым айында грант алса, қалған бесеуіне қыркүйек айында беру жоспарланып отыр. «Күміс жас», «Ұрпақтар келісім шарты», жастар практикасы жобалары да жұмыссыздар санының азаюына ықпал етуде.
– Жұмыссыздар есебінде тұрғандардың басым бөлігі әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Әлеуметтік жұмысқа – 16 адам, қоғамдық жұмысқа – 120 адам, жұмыс берушілер тарапынан берілген бос жұмыс орындарына 207 адам тартылған, – дейді аудандық мансап орталығының басшысы Қанат Бабайбеков.
Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне аудан аумағында орналасқан кәсіпорындардың үлесі бар. Жергілікті халықтың 80% жұмыспен қамтып отыр.
Сағыныш ӘБІЛ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz