АймақҚарағанды

Жұмыссыз жастарға мүмкіндік

Қарағандыдағы «Таир» сауда үйінде қала әкімдігінің қолдауымен жастарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Келушілерге білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, қызмет көрсету, сауда салаларындағы сұранысқа ие кәсіптер, оның ішінде, жұмысшы мамандықтар бойынша 40-тан астам мекемеден 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Жәрмеңке жұмыс берушілер мен жастар арасынан ізденушілер арасында бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу және еңбек жағдайлары туралы ақпарат алмасуға және кездесуге ықпал ететін алаң ұйымдастыруды мақсат етті. Сондай-ақ, жұмыс іздеуді жеңілдетуге, жұмыс берушілерге білікті қызметкерлерді табуға және жұмысқа қабылдауға мүмкіндік берді.

– Мұндай жәрмеңкелер Қарағанды қаласында ай сайын өткізіліп келеді. Басты мақсат – жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа тарту. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бетпе-бет жүздестіруді де мақсат етеді. Аталған шара Еңбек күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Бас бостандығы қалпына келген тұлғаларды да жұмыспен қамту нысанаға алынды. Олармен жеке кездесу ұйымдастырылып, жұмыс берушілермен жеке жұмыс жүріп жатыр. Жұмыс берушілерден бөлек жәрмеңкеге мемлекеттік органдар, прокуратура, ішкі істер басқармасының, қорғаныс департаментінің өкілдері қатысуда. Қарағанды қаласында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі бірнеше рет өткізілді. Әр жәрмеңкеден соң орташа есеппен 60-65 адам жұмысқа орналасады, – деді Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанай Ысқақов.

Жәрмеңкеге әртүрлі қызмет саласындағы жұмыс берушілер қатысты, ал үміткерлер қатарынан студенттер, университет және колледж түлектері, жұмыссыз жүрген немесе кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздейтін жастар да табылды. Мәселен, педагог-психолог мамандығы бойынша жұмыс істеген Райхан Аманбай білім беру мекемелерінен немесе басқа да ұйымдардан жаңа жұмыс іздеп жүргенін жеткізді.

– Жәрмеңкеге бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл – жұмыс іздеп жүрген жастарға жақсы мүмкіндік. Бұған дейін Ақтоғай ауданында 3 жылдан аса еңбек еттім. Енді Қарағандыға қоныс аударған соң, басқа саладан жұмыс қарастырып жүрмін. Жәрмеңкеде «Қазақтелеком», жеке балабақшалар және офистік ұйымдар, Call орталықтары ұсынатын бос орындар бар екен, олардың жалақысы да көңілге қонымды, – деді қала тұрғыны Райхан Аманбай.

Жәрмеңкеге «KamaTyres», «АрселорМиттал Теміртау», «Шұбаркөл Премиум», «Халық банкі» және т.б. ірі компаниялар қатысты. Олар өздеріне қажетті мамандықтар бойынша кеңес берді және жұмыс ұсынды.

– Облыстық клиникалық ауруханаға терапевт дәрігерлер, әсіресе, перинаталды орталықтарға медбикелер қажет және санитар, көлік жүргізушілері керек. Бізде жалақы 160 мыңнан басталады. Жыл сайынғы емдеу-сауықтыру жәрдемақысы беріледі. Қызметкерлерді медициналық тексерістен тегін өткіземіз және арнайы киіммен қамтамасыз етеміз, – деді облыстық клиникалық аурухананың персоналды басқару қызметінің басшысы Алтынгүл Шаймерденова.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты №52859 әскери бөлімінің капитаны Үсен Бейімбетов жұмыс ұсынатын осындай жәрмеңкелерге әскери бөлім үнемі қатысып келе жатқанын, нәтижесі де бар екенін айтты.

– Бізге жүргізушілер, механик мамандар, байланысшылар, ІТ мамандары, бағдарламашылар қажет. Әскери бөлімде қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 160 мыңнан басталады. Сондай-ақ, әскери шенге, сыныптық шеберлікке қосымша ақы төленеді. Отбасындағы әр адам басына ай сайын тұрғын үй төлемақысы да қарастырылған. 10 жылдан асса еңбек демалысына жыл сайын 5 күннен қосылып отырады. Біз жұмыс ұсынатын осындай барлық жәрмеңкеге қатысып келе жатырмыз. Бүгінде 6 офицер, онға жуық сержант жұмысқа қабылданды, – деді Үсен Бейімбетов.

Бүгінгі таңда Enbek.kz электронды еңбек биржасында Қарағанды қаласы бойынша 2000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылған.
Сондай-ақ, жастар жәрмеңкеде «Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны» «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары бойынша кеңес алды.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button