Жаңалықтар

Жұмысшылар даярлау орталығына айналамыз

Қарағанды – еліміздегі ең ірі өндіріс орталығы. Ендігі мақсат – Қарағанды облысын жұмысшы мамандарды даярлау орталығына айналдыру. Осы орайда аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жетекші колледждердің басшыларымен кездесу өткізіп, онда жұмысшы мамандықтардың имиджін арттыру, кадрлар даярлауды жетілдіру үшін не қажет екені талқыланды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазіргі таңда облыста тірек орындарын айқындай отырып, колледждерді кластерлеу басталып та кеткен. Сұранысқа ие мамандықтарды даярлау үшін білім мен өндіріс арасындағы байланыс нығайтылмақ.

– Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Біз үшін бұл – өте маңызды. Индустриялық өңірімізде жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылуда. Сіздерден үмітіміз зор! Жұмысшылар жетіспейді. Жергілікті мектеп түлектерін оқыту ғана емес, алдымызда колледждерге басқа облыстардан оқуға келушілердің санын арттыру міндеті тұр. Бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Егер, біз тірек колледждерді таңдасақ, оларды толық жарақтандыру керек. Содан кейін оқытудың сапасы мен жұмысқа орналастыруды талап ету қажет, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Дерекке сүйенсек, облыста 52 колледж 126 мамандық бойынша жұмысшы кадрлар даярлайды. Кадрларды бiрлесiп даярлауға 300-ден астам орта және iрi кәсiпорын қатысады.

Бүгінде «Жас маман» жобасы бойынша колледждер базасында заманауи жабдықтармен жабдықталған 14 құзыреттілік орталығы жұмыс істеп тұр. Биыл су шаруашылықтары бойынша Теміртау жоғары политехникалық колледжінде, өрт сөндіру-құтқару пәндері мен парамедицина бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледж базасында тағы екі жаңа құзыреттілік орталық ашу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында материалдық-техникалық база, дуальды оқытуды дамыту және жатақханалардың жетіспеушілігіне қатысты проблемалық мәселелер де көтерілді.

Колледж басшылары өз оқу орындарының алдағы жоспарлары мен әлеуеті туралы айтып берді.

– Колледжіміздің атауына қарап, кейбіреулер бізді бірыңғай ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайды деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Бұл сала бойынша біз тек механизаторларды дайындаймыз. Сондай-ақ, дәнекерлеуші, механик және аспаздарды оқытамыз. Оқу орнымыз Әлихан Бөкейхан ауданының Пришахтинск бөлігінде орналасқан. Бізде негізінен жергілікті балалар оқиды. Кәсіби бағдар беру жұмысы барысында «Туған жерге туыңды тік!» ұстанымын негізге аламыз. Жергілікті өндіріске талдау жасап, Пришахтинск маңында кәсіпорындар біршама екенін байқадық. Қазір олармен байланыс орната бастадық, енді келісімшарт жасаймыз, – дейді Қарағанды агротехникалық колледжінің директоры Мүбарак Хасенов.

Сонымен қатар, Саран қаласында оқушылар үшін дәнекерлеу ісі бойынша бейінді сыныптар да ашылмақ. Бұдан басқа, индустриялық аймақтың дамуына байланысты бұған дейін дайындалмаған мамандарға да қажеттіліктің туындағанын атап айту керек.

– Жаңа кәсіпорындар салынып жатыр. Біз де заман талабына сай жаңа мамандықтар ашуға тырысамыз. Saran индустриалды аймағының кәсіпорындарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Тоңазытқыш компрессорлық машиналар мен қондырғыларды монтаждау және пайдалану», «Құбыр өндірісі» мамандықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Саран жастарының басқа өңірлерге бармауын, керісінше, бізге басқа қалалардан келуін қалаймыз, – деп бөлісті Саран техникалық колледжінің директоры Алина Есімханова.

Сонымен бірге, Ермағанбет Бөлекпаев тірек колледждер бойынша Жол картасын әзірлеуді мұқият тапсырды. Мемлекеттік тапсырысты дұрыс қалыптастыру үшін еңбек нарығының әлеуетін кешенді талдау қажеттігі де назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы алдағы уақытта облыстағы колледж басшыларымен тұрақты түрде кездесу өткізіп тұрмақ ниетте.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button