Жаңалықтар

«Жұмысшы мамандықтарына қызығушылық жоғары»

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау – «Жұмысшы мамандықтары жылының» басты қағидасы. Бұл орайда білім беру мекемелеріне қойылатын басты талап – болашақ еңбек адамының имиджін ілгерілету, маман даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту.
Бүгінде Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өсті. Осы орайда халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды оқытып, жұмысшы орындарына сапалы маман даярлап отырған Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасындағы Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Смағұловамен әңгімелескен едік.

– Нұрбибі Абсадыққызы, «Жұмысшы мамандықтарының жылында» еліміздің барлық өңірлерінде еңбек адамының имиджін ілгерілету, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қолға алынған. Сіздер жылына жүздеген еңбек адамын дайындап шығарасыздар. Бүгінде елімізге қандай маман тиімді, қалай ойлайсыз?

– Жұмысшы – мерейлі мамандық. Сондықтан, еңбек нарығында білікті жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары.
Жалпы, Қазақстанның экономикасын алға сүйрейтін – техникалық, өндірістік, ақпараттық және қызмет көрсету салаларының мамандары. Қоғамға құрылысшылар, механиктер, электриктер, IT-мамандар, технологтар, дәнекерлеушілер, энергетиктер секілді кәсіби білікті жұмысшылар аса қажет.
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжі дәл осы сұранысқа ие мамандықтарды оқытуда озық білім ордасына айналып отыр. Әрине, қазіргі таңда Қазақстанның экономикасы мен өндірісін дамыту үшін жұмысшы мамандықтарының рөлі айрықша артып келеді. Осыған байланысты 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланып, техникалық және кәсіптік білім беру саласына ерекше назар аударылуда. Жоғары сұраныстағы білікті жұмысшы мамандары қоғамға әрдайым керек. Біздің түлектер диплом алған күннің ертеңінде еңбекке араласады. Жұмысшы мамандықтарының жалақысы тұрақты әрі жоғары болғандықтан, зерделі жастарға бұл жұмыстар ұнайды. Қаржылық тұрақтылық бар жерде шығармашылық және кәсіпкерлік мүмкіндіктерге де жол ашылады. Мысалы, оларға еңбек адамы ретінде өз кәсібін дөңгелетіп, табысты болуға талпынуға бірнеше жол ашық.

– Жалпы, өңірдегі жастар колледжді жалпақ тілмен «Кит» деп атайтынын білеміз. Егер тарқатып айтсақ, Инновация­лық технологиялар колледжі қазіргі таңда қандай мамандықтарды оқытуға басымдық береді?

– Инновациялық технологиялар колледжі 2016 жылы Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің құрылымдық бөлімшесі ретінде ашылды. Еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтарын даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі атанды. Колледжде студенттер теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, заманауи технологияларды меңгеріп, 15-ке жуық сұранысқа ие мамандықтар бойынша өз ісінің кәсіби шебері болуға мүмкіндік алады. Жұмысшы мамандықтары қатарында 07161300 – Автомобиль көлігін техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету, 4S07161304 – Техник-механик, 07150100 – Машина жасау технологиясы, 4S07150105 – Техник-технолог, 07150300 – Токарь ісі (түрлері бойынша), 10410200 – Тасымалдауды ұйымдастыру және теміржол көлігінде қозғалысты басқару, 07150500 – Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша), 4S07130603 – Техник-электромеханик, 4S07151304 – Техник-металлург, 4S07110404 – Техник-зертханашы секілді көптеген мамандықтар бар.
Дегенмен, колледждегі педагогикалық үдеріс мемлекеттік заңнамалық және нормативтік құжаттар негізінде ұйымдастырылады. Жыл сайын 1 қыркүйекте нормативтік база мемлекеттік органдар тарапынан енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес нақтыланады.
2024 жылы колледждің серіктес кәсіпорындарының өкілдерімен бірлесіп негізгі, жалпы, техникалық және кәсіптік білім беру базасында оқыту үшін барлық мамандықтар бойынша 43 білім беру бағдарламасын әзірледі. Барлық білім беру бағдарламалары сараптамадан өтті.

– Колледжге қызығушылардың қарқынын бағамдағымыз келеді. Қазір студенттер саны қанша? Жалпы, басшы ретінде ашық мүмкіндіктер алаңын жасауға басымдық бересіз бе?

– Заманауи көзқарастағы басшы ретінде білім беру саласындағы бүгінгі күрделі міндеттерді жақсы түсінемін. Басшының кең ауқымда ойлай білуі – колледждегі оқу-тәрбие үдерісін жоғары деңгейге көтеруге, озық басқару және педагогикалық технология­ларды іс жүзінде енгізуге мүмкіндік береді. Осы колледжде басшылық қызметте жүруім колледжді қалыпты жұмыс режимінен – дамуға бағытталған жүйеге көшіруге мүмкіндік берді.
2024-2025 оқу жылының басындағы студенттер саны 682 адамды құрады. Күндізгі оқу бөлімінде 543 студент бар. Техникалық және кәсіптік білім негізінде қабылданған білім алушылардың контингенті жыл сайын артып келеді. Биылғы 222 білім алушыны мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдадық. Қазіргі кезде білім алушылар шәкіртақымен және жатақханамен қамтылған. Осындай озық жұмыстар нәтижесінде Инновациялық технологиялар колледжі ашық мүмкіндіктер колледжі ретінде танымал. Өзіңіз айтып өткендей, жастарға кең мүмкіндік берумен ерекшеленеміз.

– Сөзіңізге қосыламын. Мәселен, орта білімді жалғастыра отырып, тау-кен, техникалық және құрылыс салаларында кәсіптік білім алу жастарға ерекше мүмкіндік беретінін білеміз. Колледжге мектептен енді келген оқушыны бірден жас маманға айналдыратын бағдарламалардың сәтті жүзеге асуына деген ойыңыз қалай?

– Жалпы білім беретін мектеп оқушысына кәсіпті ерте таңдатып, өзін-өзі анықтау бағдарламасынан өткізу – тамаша мүмкіндік. Біздің студенттер колледж қабырғасында жүріп Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындарында білім алуды жалғастырғысы келеді.
Қазірдің өзінде елімізде ересектерге қашықтықтан оқу арқылы кәсіби білім алуға да мүмкіндік бар. Бұл жастардың дамуы мен рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтады. Оған қоса мемлекеттік және орыс тілдерінде білім алу – кең мүмкіндік. Елімізде жастар мен ересектердің еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті және кәсіби тұрғыда мобильді маман болуына жағдай жасалған. Оны біздің колледждің студенттері жақсы біледі.
Колледждің стратегиялық мақсаттарының бірі де сол – колледж түлектерінің халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету. Инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға жағдай жасаймыз.

– Инженерлік қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттырудағы материалдық-техникалық база жайлы айтып өтсеңіз… Көбінесе жастар теориядан бөлек практиканы ұнатады ғой.

– Орта буын мамандарын кәсіби даярлау үшін колледжде заманауи, үнемі жетілдіріліп отыратын материалдық-техникалық база бар. Сондай-ақ еңбек нарығындағы сенімді әлеуметтік серіктес­тер де бар. Олар студенттердің 100% кәсіби тәжірибеден өтуін және түлектердің жоғары деңгейде жұмысқа орналасуына кепілдік береді.
Былтырдан бастап кәсіби тәжірибеден өту үшін Қарағанды қаласының 60 кәсіпорнымен келісімшарт жасалды. Олардың қатарында «Maker» ЖШС, «Ремонттық-механикалық машина жасау зауыты» ЖШС, «Топар» басты тарату электр станциясы» ЖШС, «Kazcentrnaladka» жшс, «Укспроект-2006» ЖШС, «Қарағанды Энергоорталығы» ЖШС, «Qaztehna» ЖШС, «Kazprom avtomatika» ЖШС, «ERP» компаниялар тобы бар.
Сондай-ақ, «Тд-Каргормаш» ЖШС, «Қарағанды турбомеханикалық зауыты» ЖШС, «Terricon Valley» ЖШС, «№3 Автобус паркі» ЖШС, «Қтмз» ЖШС, «АsiАrt» Жшс, «Shubarkol Komir» ЖШС, «Kpa Group» ЖШС, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС, «Қазақтелеком» ЖШС секілді басқа да кәсіпорындар бар.

– Аталған кәсіпорындармен жұмыс дуальді оқыту бағдарламасы аясындағы келісім негізінде жүзеге асырылған шығар?

– Дәл солай. Дуальді оқыту үшжақты келісім негізінде жұмыс істейді. Биыл Ктора-11-22-2 тобының түлектері оқуын аяқтайды. Бұл топтың студенттері «№3 Автобус паркі» ЖШС базасында «Автомобиль көлігін техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету» мамандығы бойынша «Техник-механик» біліктілігін игеруде. Үшжақты келісім аясында осы автобус паркіне жұмысқа орналасады.

– Колледж педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін қалай дамытасыздар?

– Алдымен методикалық жұмысына тұрақты назар аударамыз. Методикалық қызметтің жүйелілігі мен мақсатқа бағытталуы, педагогтердің шығармашылық бастамаларын мойындау, үнемі дамуды мониторингтеу – құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Оларды шығармашылық тұрғыда жұмыс істеуге ынталандыру, сондай-ақ жұмыстағы ұжымдық мүдде, университет тарапынан ұсынылған қолайлы, жайлы, әлеу­меттік-мәдени және ұйымдастырушылық-техникалық жағдайлар – бұл колледж педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған тиімді нәтижеге жетудің маңызды құрамдас бөлігі. Бұл жағдайлар педагогтердің бастамашылдығын, креативтілігін және шығармашылық көзқарасын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, Г.Молдабекова, А.Байдулатова, У.Аукешова, Г.Умирбекова, Л.Ванфутян, А.Жұпышева, Г.Смағұлова, Г.Орымбай, К.Қазиева, А.Баймамырова, М.Мақажанова, К.Құрбанова, Ғ.Қабсамет, ­Е.Жексембеков сынды оқытушылар тек кәсіби қызметте ғана емес, әдістемелік және қоғамдық жұмыста да белсенділік танытады. Осылайша білім беру үдерісінің сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда. Олар инновациялық оқыту әдістерін енгізе отырып, авторлық бағдарламалар әзірлейді. Шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізу сияқты маңызды жұмыс­тармен айналысады. Аталған оқытушылар колледждегі мәдени, әлеуметтік және тәрбиелік іс-шараларға белсене қатысып, білім алушылардың жан-жақты дамуына ықпал етуде. Олардың әдістемелік және қоғамдық белсенділігі оқу орнының білім беру үдерісін жетілдіруге және студенттердің сапалы білім алуына айтарлықтай әсер етеді.

– Студенттердің бос уақытын қалай ұйымдастырасыз­дар?

– Студенттер облыс пен қала деңгейінде өтетін спорттық жарыстарға белсене қатысады, сондай-ақ театрлар мен мұражайларға барып, мәдени іс-шараларға атсалысады. Жыл сайын студенттер арасында колледж түлегі, Ұлттық ұланның Батыры Мадияр Қайсаровты еске алуға арналған спартакиада өтеді. Құқықтық тәрбиелеу бойынша кураторлық сағаттар, семинарлар өткізіледі. Былтыр құқық қорғау органдарының өкілдерімен және түрлі ұйымдардың мамандарымен 20-дан астам кездесу ұйымдастырылды. Студенттер қоғамдағы заңдар мен құқықтық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы туралы толық ақпарат алады.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізілетін жарқын іс-шаралардың бірі – бірінші курс студенттеріне арналған спартакиада. Бұл спорттық іс-шара студенттердің денсаулығын физикалық тұрғыдан нығайтуға ғана емес, сонымен қатар командалық рухты, тәртіпті және өзара көмекті дамытуға көмектеседі.
Колледждің ерекше назар аударатын бағыты – бұл студенттер мен олардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету. Колледж студенттердің бастамаларын барынша қолдай отырып, клубтар, секциялар және қоғамдық қозғалыстарда белсенділіктерін арттыруға күш салады. Сонымен қатар, сабақ үлгерімі мен колледждің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, ерекше көзге түскен студенттер ректордың шәкіртақысына ұсынылады. Атап өтетін болсақ, КСИБ 9/23-2 тобының студенті А.Нұрбатыров ректор шәкіртақысын алады.

– Сіздерде сондай-ақ, ерікті жастар көп екенін білеміз…

– Біздің студенттер қайырымдылық пен қамқорлыққа ерекше назар аударады. Оған дәлел – «Рахмет» волонтерлік клубы. 2017 жылдан бері колледж студенттері «Забота» қарттар үйі мен мүгедектерге арналған үйге концерттік бағдарлама мен азықтүлік себеттерін апарады. Сондай-ақ «Лучик Надежды» қайырымдылық қорында емделіп, оңалту курсынан өтетін мүгедек балаларға да көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, студенттерге сын тұрғысынан ойлауды, ораторлық дағдыларды үйрететін «Парасат» дебат клубы және жас жігіттерді әскери қызметке дайындайтын «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубы бар.
2016 жылдан бастап студенттер «KAZENERGY» қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде Солтүстік-Каспий және Қарашығанақ жобалары аясында білім алу үшін қаржылық көмек алу конкурсына қатысады. 2016-2024 жылдар аралығында колледждің 80-нен астам студенті осындай білім гранттарын алған.
«Жұмысшы мамандықтарының жылында» колледж ұжымы білім беру қызметін жетілдіріп, студенттерге сапалы білім беруде. Түлектеріміздің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие маман болатынына кәміл сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер колледж мұрағатынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button