Бүгін Абай қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің спорт залында Жұмысшы мамандықтары жылына арналған үлкен жиын өтті.

Бұл жиынға ауданның жұмыс беруші ұйымдары мен кәсіпорындары, Қарағанды жоғары политехникалық, Абай көпсалалы, Саран техникалық және Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледждерінің өкілдері, аудан мектептерінің мыңға тарта оқушысы қатысып, ұсынылған 13 түрлі мамандықтар бойынша көрме ұйымдастырылды.

Жиналғандар алдында Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов, осындағы “Шанс” шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Игорь Жабяк, Абай көпсалалы колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Тілектес Мұхамеджан құттықтау сөз сөйлеп, жағалай көрмені аралап көрді.

Жиын барысында оқушыларға жұмысшы мамандықтары жайлы жадынамалар таратылып, олармен шеберлік сағаттары өткізіліп, ойындар ойнатылды.
Жиын туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы



