Жаңалықтар

Жұмыспен қамту: жоспар һәм нәтиже

Биыл облыста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 6,5 млрд. теңге  бөлініп, 41 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 32 мыңнан астам адам жұмысқа тұрыпты.

Бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету». Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 1 қыркүйектен бастап 700 адам жұмылдырылған. Ал, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша 986 жұмысшы кадрды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіпті.

– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1745 адам оқыттық. Бизнес-жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған бағдарлама қатысушыларына 2,9 млрд. теңгеге 664 микрокредит берілді. Сонымен қатар, 537,9 млн. теңге көлемінде 922 мемлекеттік грант тағайындалды, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Төлеу. «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 690 адам жұмысқа орналастырылды. 959 адам жастар тәжірибесіне, 6 мыңнан астамы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бүгінгі таңда мембағдарламалар аясында жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі – 4,5%-ды құраған. Ал, бұл деген республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 0.4%-ға төмен. Былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында 11 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Олардың инвестициясы – 202,7 млрд. теңгені құрады. Солардың бірі – «Polymet Solutions Corporation» компаниясы. Аталмыш кәсіпорын облыстың тау-кен байыту кәсіпорындарына арналған диірмендердің резеңке-металл қаптамасын өндіреді. Бүгінде елдегі «Kazakhmys», «ҚазМинералс», «Алтыналмас», «Қазақалтын» сынды алпауыттар осы резеңке-металл қаптамасына зәру.

– Мен мұнда жалақымызды уақтылы төлемейтін басқа зауыттан ауысып келдім. Мұнда бәрі тұрақты, жағдай жақсы. Машиналар заманауи. Біз жаңа жабдықта жұмыс істеу үшін үнемі оқудан өтеміз, – деп бөлісті газбен кесуші Оңжасар Ахмедиев.

– 2014 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында өндірісті бастаған едік. Алайда, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына ауысқаннан кейін компаниямыздың атын ауыстырдық. Атымыз ауысса да шығаратын өніміміз сол. Қазір ұжымда 40-тан астам адам жұмыс істейді. Әрине, жұмыс күші аз. Сондықтан, жаңа жұмыс орнына ваканция жариялаған едік. Енді «Еңбек» бағдарламасы аясында жауапты органдар арнайы оқытып, осында дайын маман етіп жібереді, – деді «Polymet Solutions Corporation» компаниясының директоры Қуандық Қазанғапов.

Аталмыш компания RBK банкінен субсидия алған. Қазір оның 7%-ына мемлекет тарапынан қолдау беріліп отыр. Өнімді жасайтын басты құрал – резина. Ал, резинаны қазіргі таңда Италия мен Канададан алдырып отыр. Сонымен қатар, өнімге темірді қолданады. Темір – Швеция мен Ресейден жеткізіледі. Қазір компания салмағы 40 тоннаға дейін өнім өндіруде. Оны елдегі ірі компаниялардан бөлек Болгария елі арнайы тапсырыспен алдырады. Сонымен қатар, Ресей, Моңғолиямен де келіссөз жүргізілген. Келер жылдан бастап сол елдерге отандық өнім жіберілмек.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button