Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері Саран қаласында да біршама игі іс атқарылды.
Мұнда биылғы көктемгі тазалықтың екіайлығы кезінде оған меншіктің әр түріндегі 50-ден аса кәсіпорын мен ұйымның ұжымы, қала тұрғындары мен студенттер, оқушылар, жалпы 5 мыңнан астам адам қатысқан.
Олар көшелер мен бақтарды, гүлзарлар мен үй маңын күл-қоқыстан арылтып, ағаш бұтақтары мен гүл күлтелерін кесіп, сол сенбіліктерде жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды 12 арнайы техникаға тиеп, полигондарға жөнелтті. Барлығы 6750 тонна қоқыс қалдықтары сыртқа тасып әкетіліп, рұқсат етілмеген жерлерден 15 қоқыс үйіндісі жойылды.
Енді Саран қаласының әкімдігі бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру үшін жыл аяғына дейін жоспар жасап бекітті. Сол бойынша автобус паркі мен басқа көлік кәсіпорындары, білім беру мен мәдениет ошақтары, шағын және орта бизнес, сауда нысандары мен базарлар аумақтарын тазалап, жинастыру, алаңдар мен көшелерді абаттандыру, бақтар мен гүлзарларда 4 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу, 35 мың тал гүл егу, тағы да басқа көптеген шаруалар қарастырылып, көзделген.
Ержан ИМАШ,
САРАН
Ortalyq.kz