Ресми

Жұмыс – жүйелі, құрылыс – қарқынды

Шет ауданы аумағында бірқатар нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде, әлеуметтік нысандар, білім беру ұйымдары және тұрғын үйлер бар. Сонымен қатар, жол жөндеу, кәріз желілері мен су құбырын жаңарту һәм абаттандыру сынды маңызды жұмыстар да қызу. Шет ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жүріп жатқан жұмыстармен танысты, нысандарды аралап көрді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Білімді ұрпақ – кемел келешек кепілі

Атап айтсақ, алдағы уақытта Ақадыр кентінде жатақханасы бар колледж салынбақ. Аталған білім ордасы ашылса, кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берумен қатар, жастарға қалаға бармай-ақ, сапалы кәсіптік-техникалық білім алуға жол ашылады.

Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданына жұмыс сапары кезінде мәлімдеп, колледжге лайықты ғимарат табуды тапсырды.

Бұдан бөлек, Шет ауданындағы жас буынның санасына сапалы білім нәрін себу үшін С.Сейфуллин атындағы кент пен аудан орталығы Ақсу-Аюлыда әрқайсысы 300 орындық екі жайлы мектеп салынып жатыр.

Ал, Ақадыр кентіндегі Ә.Ермеков атындағы мектеп жанынан жаңа спорт залы мен асхана орналасатын қосымша ғимарат бой көтерген. Қазір ішкі жұмыстары жүргізілуде.

Сапар барысында облыс әкіміне аталған ғимаратқа инженерлік желілер, оның ішінде су құбыры, кәріз жүйесі тартылатыны баяндалды.

Ермағанбет Бөлекпаев орташа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан облыстық маңызы бар «С.Сейфуллин – Ақадыр» автожолына да ат басын бұрды. Оның жалпы ұзындығы – 86 шақырым.

Грейдерлік автожол екі жыл бұрын асфальттала бастаған. Биыл қайта есептеу әдісімен қалған 26 шақырым ретке келтірілмек.

Мердігер компания бүгінге дейін 21 шақырым жолды асфальттап үлгеріпті. Жол жиектерін толтыру және нығайту жұмысы жүйелі.

– Тұрғындар тарапынан Айса ауылына дейінгі жолдың сапасына қатысты айтылған шағым орынды. Шұңқырлар көп. Мердігерді кепілдік міндеттемесі шеңберінде кемшіліктерді жоюға міндеттеу қажет. Жалпы, барлық жолдар мұқият тексерілуі тиіс. Сапаға қатысты талап – қатал, мұны ұмытпаған жөн, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Одан бөлек, Ақадырдағы кентішілік жолдар да ретке келтірілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша С.Сейфуллин, Дәрия, Бұрма, Өспен, Еркіндік ауылдарына жол төселді.

Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев Ақадырда 48 пәтерлік сегіз заманауи таунхаустың құрылысымен танысты.

Қазірдің өзінде үйлердің құрылыс жұмысының 70%-ы орындалған. Кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Айналма жолдан кейін аймақ басшысы Шет ауданының тұрғындарымен кездесті.

Теміржолға өткел көпір салынады

Кездесуде ауыл тұрғындарының көпшілігі медициналық қызмет көрсету сапасына, ТКШ саласына, тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарын қойды.

Ақадыр тұрғындары көп жылдардан бері теміржол өткелі арқылы өтетін көпір салуды сұрап келеді. Енді олардың өтініші қанағаттандырылатын болды.

Қазір жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өтіп жатыр.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары медициналық мекемелерді жабдықтармен қамтуға қатысты шағымдарын да іркіп қалмады.

Жиында ФГДС, офтальмолог және ЛОР-дәрігер кабинеттері заманауи ультрадыбыстық аппаратпен, жабдықтармен аудандық аурухананы қамтамасыз етіледі деп уәде берілді.

Сондай-ақ, ауданда заманауи ФАП, медициналық пункттер мен отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жалғасып жатқанын атап айту керек.

– Шет ауданы дамып келеді. Бұл бізді қуантады. Басты міндетіміз – халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Бұған инфрақұрылымды жүйелі құрудың арқасында қол жеткізуге болады. Ақадыр ауылының даму әлеуеті зор. Сондықтан, сол жерде колледж ашып, білікті жұмысшы мамандықтарын дайындауды бастаймыз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесу соңында Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды жеке қабылдап, ұсыныстары мен өтініштерін қойын дәптеріне түртіп алды. Барлық өтініштер бақылауға алынды. Енді сол өтініштер зерттеліп, толық жауап ұсынылады.

Заманауи таунхаустар – уақыт талабы

Шет ауданы аумағында қарқынды жүріп жатқан құрылыстан елдің үміті зор. Өйткені, үйлер салынып бітсе, кезекте тұрған 202 отбасы баспана кілтін алады.

Ақсу-Аюлы, Ақадыр, С.Сейфуллин, Ақжал кенттерінде де жаңа үй мен таунхаустар салынуда.

Бір мысал – Ақсу-Аюлыдағы «Құмжон» шағынауданы. Мұнда кезекте тұрғандар үшін заманауи танхаустар мен жайлы үйлердің салынуы тұрғындарды қуантып отыр.

Он бір көппәтерлі таунхаус пен он жартылай жеке үй құрылысты жүргізіп жатқан компания тарапынан бірден модульдік қазандықтан жылытылады.

Мұнда сондай-ақ, жаңа трансформатор пунктін орнатылып, электр желілері тартылды.

– Ақсу-Аюлыда биыл 104 пәтер тапсыруды жоспарлап отыр­мыз. Жаңа «Құмжон» шағын­ауданы ауылдың төлқұжатына айналады. Бұл сұйық травертинмен қапталған қаладағылардан бір мысқал кем түспейтін әдемі әрі жайлы үй болмақ. Орталық жылыту және жаңа трансформатор пункті жылумен және электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Құрылыс салушы компания мұның бәрін өз есебінен жасайды, – деді Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Қарсембаев.

Одан бөлек, аудан орталығында орталық кәріздің болмауына байланысты көпжылдық түйткілді проблема шешілуде. Құрылыс басталып та кеткен. Жоба үш жылға жоспарланып отыр. Оны жүзеге асыру ауыл тұрғындарына септиктерді ұмытып, заманауи өмір сүру деңгейіне жетуге мүмкіндік береді.

Ақой, Еркіндік, Еңбекшіл, Бекет, Қызылқой, Ақсу, Қызылтау және Ақбауыр ауылдарында да орталық су құбырының құрылысы басталды.

Ауданда жүріп жатқан жүйелі жұмыстар тұрғындардың ертеңгі күнге деген сеніміне одан әрі ынталандыра түсуде.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button