Бас тақырып

Жұмыс тап – жаңа мүмкіндіктер алаңы

Аймақта «Jumys Tap» жобасы аясында оқыту курстары басталған болатын. «Jumys Tap» әлеуметтік жобасы бойынша әрбір адам тегін жеделдетілген курстарда жаңа мамандықты меңгере алады. 48 мамандық бойынша қысқа мерзімді курстар Қарағанды және Теміртау қалаларының жеті колледжінің базасында өтіп жатыр.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде 8 мамандық бойынша 151 адам білім алуда. Сондай-ақ, Қарағанды технология және сервис колледжінде де басқа қатысушылар мамандық меңгеруде.

– Жұмыс тап жобасы 25 маусымнан бастап Қарағанды облысы бойынша жүргізіліп жатыр. Жоба жұмыс іздеп жүрген, кәсіптік деңгейін көтергісі келетін, басқа мамандық алғысы келетін адамдар үшін ашылған. 18 жастан зейнеткерлікке дейінгі жастағы әр адам қысқа мерзімде оқи алады. Қазіргі таңда 7 колледжбен келісім бар. Әр түрлі мамандықтарды оқытып жатыр. 1 тамыздан оқу басталды. Мамандықты игеріп шыққан соң сертификат алады. Біз оқуды бастамас бұрын арнайы нарықта қандай мамандықтар тапшы екенін анықтадық. Өткізіліп жатқан қысқа мерзімді оқулар 5 күннен 30 күнге дейін жалғасады. Зейнеткерлікке дейін оқығысы келетін, жұмыс істеп жүргенімен, мамандығын өзгерткісі келетін адамдар әртүрлі мамандық бойынша оқи алады. Бос уақытында барып оқып, мемлекеттік сертификатын алып, өзіне жұмыс істейді, –  дейді облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Сондай-ақ курс үшін Call-орталықтар жұмыс істейді. Оқыту курстары басталғалы 900-ден астам тұрғыннан жаңа мамандық оқуға өтініштер келіп түскен.

– Мен дәнекерлеуші мамандығын үйренгім келді, бірақ, осы уақытқа дейін мүмкіндік жоқ еді. Өзім жұмыс істейтін адаммын. Ал, курстар әдетте жұмыссыздар үшін немесе ақылы. Бұл жерде маған жұмыстан шықпай-ақ үйренуге болатыны ұнады. Бағдарлама қысқартылған. Жұмыста мен газ арқылы жылытумен айналысамын, көбінесе дәнекерлеушілермен мәселе туындайды. Себебі, дұрыс маман табу қиын, – деді Талғат Тоғантаев.

Әр мамандықтың оқыту мерзімі әртүрлі. 48 мамандық негізінде, тігінші, шаштараз, шиномонтажшы, электр газбен дәнекерлеуші, SMM, сайт әзірлеуші, графикалық дизайнер, бейнемонтажер, флорист және т.б. мамандықтарды алып шығуға болады. Оқыту курстары барысында практикалық сабақтарға баса назар аударылады. Өйткені, қатысушылардың аз уақыт ішінде барынша көп біліп, жаңа біліктілікті меңгеріп шығуына басымдық берілген.

– Флорист мамандығының курсына 10 адамға дейін қабылдаймыз. Курс ұзақтығы – 15 күн. Бейсенбі-жұма күндері жаңа гүлдер келіп отырады. Қатысушылар әр түрлі букеттер жасап үйренеді. Атар айтар болсақ, қалыңдық букетін жасауды, үстелді безендіруді үйренеді. Курс біткен соң мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі, – дейді арнайы пәндер оқытушысы, флористика құзыреті бойынша бас сарапшы Назель Әкімбаева.

Облыс бойынша мансаптық орталықтар жұмыс істейді. Орталықтар қатысушылар курсты аяқтаған соң жұмысқа орналасуға көмектеседі. Яғни, үнемі байланыста болып, қай жерде қандай мамандыққа ваканция бар екендігін хабарлап отырады.

– Менің тұрақты жұмысым бар. Негізі филолог мамандығында жоғары білімім бар. Бірақ, ол мамандық бойынша жұмыс істеген емеспін. Қазір емханада жұмыс істеймін. Дегенмен қосымша табыс көзі ретінде жаңа мамандық игеруге осы курсқа келдім. Әйел адамға тағы да қосымша керек нәрсе деп ойлаймын. Бір жұмыста жүріп қалмаймыз ғой. Ертең басқа жұмыс табылар дегендей. Әрине, қазіргі заманда қажет. Қаншама жұмыс таба алмай жүрген, өз жұмысын ауыстырғысы келетіндер үшін бұл тегін оқыту тиімді, – дейді тігін курсының қатысушысы Күләш Махметова.

Кәсіби курстарға жазылу әлі де жалғасуда. Барлық қажетті ақпарат консультациялық пункттерде бар. Қарағанды қаласы бойынша «Таир», «Ұмай» сауда үйлерінде және Пришахтинскіде – «Ёжик» супермаркетінде, ал Теміртау қаласында – орталық базарда орналасқан.

Консультациялық пункттер сейсенбі және сәрсенбі күндері сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, байланыс орталығына хабарласуға болады: 60-50-50, WhatsApp: 8-775-644-35-80. Call-орталық дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін қоңырау қабылдайды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button