Ресми

Жұмыс табу мүмкіндігі

Электрондық еңбек биржасында бүгінгі таңда 123,7 мың бос жұмыс орны жайлы хабарлама және жұмыс іздеген 106 мың адамның түйіндемесі тұр. Еңбек биржасында тұрақты жүргізілетін талдаулар дерегіне сүйенсек, білікті кадр іздеген өңірлер арасында Қарағанды облысы бірінші орында. Порталдағы бос жұмыс орны туралы барлық хабарламалардың 9,5 мыңы біздің аймақтан. Бұл – жалпы санының 8%-ы.

Сурет youtube.com

Алматы қаласында 9,3 мың маманға сұраныс бар. Батыс Қазақстан облысында – 9,2 мың немесе 7,5%, Астана қаласында 8,1 мың бос жұмыс орны бар. Сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі кейбір өңірлер үшін өзекті мәселе. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 5,5 мың бос орынға 2,5 мың түйіндеме, Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 мың бос орынға 2 мың түйіндеме, ал, Павлодар облысында 6,5 мың бос орынға 3,4 мың түйіндеме тіркелді. Шымкент қаласында, Қызылорда және Түркістан облыстарында бос орындар санынан түйіндеменің артық болу жағдайлары байқалады. Жалпы, еңбек биржасындағы сұраныс пен ұсыныс үнемі біркелкі бола бермейді. Кей кездері хабарлама орналастыру белсенділігі төмендейді, я жоғарылайды. Мәселен, қыркүйекпен салыстырғанда қазанда бос жұмыс орындары туралы хабарлама беру азайды. Бұл білім беру орындарында кадрларды даярлаудың аяқталуына байланысты болуы мүмкін. Алайда, қыркүйек, қазанда жылыту маусымына көшу жылу және қазандық жабдықтарына қызмет көрсету мен оларды пайдалануға қатысты қызметкерлерге сұраныстың артуына себеп болды. Деректерге сүйенсек, өткен айда қазандық операторлары (+5,9 мың), қазандық машинистері (+1,1 мың) және қазандықтар жұмыскері (+969) үшін бос орындар саны артты. Мұндай мамандарға жоғары сұраныс Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында байқалды.

Сұраныстың айтарлықтай өсуі мал өсірушілер мен жануарларды күту жұмыскерлері сияқты мамандықтарда да байқалады. Бұл әсіресе, мал шаруашылығындағы қысқы кезеңге дайындық уақытында маңызды.

Еңбек биржасында қазан айындағы жоғары жалақы бас құрылысшыларға (орта есеппен 679 мың теңге), бас техникалық мамандарға (шамамен 565 мың теңге) және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженерлерге (шамамен 554 мың теңге) ұсынылды. Бұл ретте инвестициялық жобалар жөніндегі директор (орта есеппен 2 млн теңгеден бастап), өндірісті басқарудың автоматтандырылған жүйесі бөлімінің бастығы (шамамен 1,8 млн теңге) және комбайнер (1,2 млн теңге) лауазымына үміткерлер ең жоғары жалақыны сұрады.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button