Бас тақырып

Жұмыс сапарымен өңірге Туризм және спорт министрі келді

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қарағанды облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға қоғам белсенділері, өңір азаматтары, өңірлік спорт федерацияларының басшылары, туризм саласының кәсіпкерлері, спортшылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Суреттер ҚР Туризм және спорт министрлігінен

Кездесуде Ербол Мырзабосынов министрліктің биылғы жұмыстары, туризм, спорт және ойын бизнесі саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып, алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Елімізде спорт және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың саны 8,4 миллионға жетті. Бұл ел халқының 41,4%-ын құрайды. Ауылдық жерлерде 3,1 миллион адам спортпен айналысады. Ал Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 38,9%-ға, яғни 442 мың адамға тең. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің саны 79 мыңнан асады.

Модульдік үлгідегі жылдам салынатын спорт нысандарын салу арқылы жергілікті жерлерде, соның ішінде ауылдарда спорт инфрақұрылымын кеңейту жалғасуда. Өңірде Бұқар жырау ауданының Қарақұдық, Абай ауданының Топар және Ақтоғай ауданының Сарышаған кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілсе, жасанды жабыны бар 49 спорт алаңы және 11 көпфункционалды хоккей мұзайдыны салынды.

– Қарағанды – елімізге әлемдік деңгейдегі чемпиондарды сыйлаған облыс. Бұл өңірден Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров, Эльмира Сыздықова сынды даңқты спортшылар шыққан. Облыс спортшылары Олимпия ойындарында 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған. Алайда, кейінгі екі Олимпиадада өңір спортшылары жүлдесіз қалды. Бұл спорт резервін даярлау жүйесінде олқылықтардың барын көрсетті. Бұған дейін Қарағанды спортшылары Бейжіңде – 16, Риода – 10, Токиода – 6 жолдама жеңіп алса, биылғы Париж Олимпиадасына небәрі 3 лицензия иеленді. Бұл аймақтағы спорт жүйесін қайта қарастыру қажеттігін көрсетеді. Өздеріңіз білесіздер, қазір басқару вертикалін қалпына келтіру мақсатында өңірлік спорт басқармаларының басшылары министрлік жанынан құрылған комиссияның келісімімен бекітіледі. Комиссия Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығына Олимпиада чемпионы, жерлестеріңіз Серік Сәпиевтің кандидатурасына келісім берді. Оның тәжірибесі мен білімі аймақтағы спорт резервін нығайтуға, жүйелі реформаларды жүзеге асыруға және Қарағанды спортының даңқты дәстүрін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді деген сенімдемін, – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр еліміздің барлық өңірінде спорт нысандарының ауқымды түгендеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Түгендеу қорытындысы бойынша Қарағанды облысында 1859 нысанның 10 пайызы немесе 186 объектінің қажетті параметрлерге сәйкес емес екені анықталды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде спорттық инфрақұрылымға аса мұқтаж өңірлердің, атап айтқанда ауылдық жерлердің тізбесі айқындалды.

Өңір тұрғындарымен кездесуде Ербол Мырзабосынов еліміздің бірегей табиғаты мен бай мәдени мұрасы бар екенін, туристік мүмкіндіктерін толық пайдалану керектігіне ерекше тоқталды.

Жалпы, облыста туризмді дамытуда Балқаш курорттық өңірі мен Қарқаралы ауданы ерекше маңызға ие. 2024 жылдың алғашқы 9 айындағы мәліметтерге сәйкес, өңірде саланың негізгі көрсеткіштерінде қалыпты өсім байқалады. Былтырғы 9 айда Қарағанды облысында 306,3 мың адамға, оның ішінде 16 мың шетелдік қонаққа қызмет көрсетілді. Туристерге көрсетілген қызметтер көлемі 42%-ға артқан. 2024 жылы өңірде 13 жеке жоба іске қосылды.

– Маусым айында Мемлекет басшысы туризм саласын дамытуға арналған үлкен жиналыс өткізгенін білесіздер. Осыған орай, тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы ерекше бақылауда болуға тиіс. Қазіргі таңда Балқаш қаласының қалалық жағалауын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл өңірге келетін туристердің бос уақытын тиімді өткізуге, қаланың орталығын тамашалауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар қала маңындағы туризмге, атап айтқанда Абай ауданындағы Шерубай-Нұра (Топар) су қоймасының жағалауын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жермен жүру жолдарын қайта жаңарту жұмыстары басталды, – деп атап өтті Туризм және спорт министрі.

Сондай-ақ министр заңсыз ойын бизнесі және лудоманиямен күрес бойынша атқарылып жатқан шараларға да тоқталып өтті.

Биыл 31 мамырда заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Ойын автоматтары мен лотерея терминалдарын әкелуді лицензиялау, заңсыз құмар ойындардың жарнамасын шектеу шаралары, лудомандар мен олардың жақындарына онлайн-қолдау көрсету енгізіледі. Құмар ойындарға және бәс тігуге үнемі қатысатын азаматтардың санын 350 мыңнан 200 мың адамға дейін азайту жоспарлануда.

Министр есеп беру кездесуінен кейін азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап беріп, мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button