Жұмыс көп, ынта кем
Қарағанды қаласында жұмыссыздарға арналған Мансап орталығында Ашық есік күні өтті. Мұнда жұмыс берушілерден екі мыңнан астам бос жұмыс орны, сондай-ақ квоталанатын жұмыс орындары ұсынылды. Барлық ниет білдірушілер «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламалары бойынша кеңес алды. Орталық қызметкерлері «Кəсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жастарға арналған 2,5% шағын несиелеу бағдарламасы жəне тағы да басқа мүмкіндіктер туралы келгендерге айтып берді.
– 1 шілдеден Жұмыспен қамту орталықтары республика бойынша жойылды. Сол күннен бастап, Мансап орталығы болып қайыра құрылды. Облыста бір орталық бар, қалған қала, аудандағылар соның бөлімшесі ретінде ашылды. Біз бүгін жаңа мəртебе алғалы бірінші рет Ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Жұмысқа қабылдайтын ірі компанияларды шақырдық. Сараннан «KamaTyresKZ» ЖШС, «Silk Road Electronics»-тан мамандар келді. Сонымен қатар, біз квотаға байланысты пробация есебінде тұрған, жазасын өтеп келгендерді шақырдық. Сот орындаушылары да осы жерде. Алимент төлемей жүрген яғни қарызы барлар да жұмысқа тұруға мүмкіндік алсын деген ой.
Бүгінгі күні Мансап орталықтары онлайн жұмыс тауып беруге де атсалысады. Мысалы, Еңбек сайтында Қарағанды қаласы бойынша 500 мекемеден 2400-ден аса вакансия бар.
Соған байланысты айтарымыз, жұмыс көп, жұмысқа тұрғысы келгендерді осында шақырамыз, – дейді Қарағанды қаласының Мансап орталығының басшысы Берік Есенов.
Ашық есік күніне арнайы келген компания өкілдерін сөзге тарттық.
– Біздің «KamaTyresKZ» ЖШС шина зауыты жəрмеңкеге қатысушыларды тамыз айындағы жұмысқа қабылдау жоспары бойынша кескіш, жүкші бос орындарына шақырды. Ал, əйелдер бояушы, кескіш жəне теңгеруші мамандығын меңгере алады. Басқа да мамандықтар бар. Мысалы, бізге диспетчер, инженер-технолог, резеңке бұйымдарын сынаушы, шина өндірісінің бақылаушысы қажет. Жалпы, 30 шақты мамандық иелері керек. Біздің бір ерекшелігіміз, жаңадан жұмысқа тұрғысы келгендерді өзі таңдаған мамандығы бойынша топ-топ етіп оқытамыз. Яғни, осы Саранда арнайы курстарды оқып, жұмысқа тұрады. Бұрынғыдай басқа елге барып жүрмейді. Оқу уақыты – бір ай. Оқу кезеңінде 168 мың теңге айлық төленсе, жұмысқа орныққаннан кейінгі жалақысы 200- 250 мың теңгеге дейін көбейеді. Сұрақ туындап жатса, Саран қаласындағы 046 есептік орамдағы 62 құрылыс мекенжайына хабарласа алады, – деді «KamaTyresKZ» ЖШС кадр бөлімінің маманы Екатерина Ким.
Саран қаласында 25 тамыз күні ашылу салтанатын өткізетін «Silk Road Electronics» ЖШС компаниясынан келген Эвелина Беккель алғашқы уақытта 300-400-ге жуық жұмыс орны ашылатынын айтады.
– «Silk Road Electronics» ЖШС өзбекстандық Artel зауытымен бірлесіп, теледидар, электр су жылытқыш, шаңсорғыш, ас үй плитасын, шағын пеш, ас үй сорғыштарын, кір жуғыш машина жəне басқа да жалпы 20 шақты тұрмыстық техника шығарады деп көзделіп отыр. Біз колледж жəне жоғары оқу орнын бітірген жастарды жұмысқа шақырамыз. Бізге бухгалтер, жинаушы, инженер, шебер, сапаны бақылаушы, зертханашы, заңгер, техника қауіпсіздігіне жауапты мамандар қажет. Зауыт ашылғанда 300-400 маманды жұмысқа алсақ, алдағы уақытта өндіріс толық күшіне енгенде, олардың санын 1 200- ге дейін жеткізу ойда бар, – деді «Silk Road Electronics» маманы Эвелина Беккель.
Сонымен қатар, шақырылған алимент төлеушілерге заңды түрде жөн сілтеуші Жеке сот орындаушысы Константин Поликов:
– Мансап орталығымен келісім негізінде қатысып отырмыз. Негізінде, алимент төлемей жүрген жұмыссыздарды шақырамыз. Оларға осы жерге келген компанияларды таныстырамыз. Қолымыздан келгенше жұмысқа орналастырамыз. Кейін алған айлығынан балаларына қаражат аударып тұрады. Бізге де қолайлы, өйткені, осы жерден жұмысқа ілігіп кетсе, алимент төлеуден қашып жүрген əке өзі тапқан жалақысын жасыра алмас еді, – деді.
Таңғы тоғызда басталған шара кешкі 18:30-ға дейін жалғасты. Жұмыс іздеп, «екі қолға бір күрек» таппақ болып келген 270- ке таяу адамның 70-тен астамы жаңа жұмысқа жолдама алды.
Əдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
ҚАРАҒАНДЫ