Ресми

Жұмыс – қарқынды, бақылау – қатаң

Жолдың сырын жолаушы біледі. Мамырда екпіні қыза түскен жол жөндеуші мердігер компаниялардың тыныс-тіршілігіне қаламы жорға журналистер қауымы қызығушылық таныта бастағаны сол еді, облыс әкімдігі мен қала әкімдігінің ұйымдас­тырған арнаулы баспасөз туры шеңберінде жол жөндеушілердің тірнекті тіршілігімен етене танысты. Жалғастыралық…

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басты басымдық

Жалпы, қала аумағындағы жол құрылысы жұмыстарында кідіріс жоқ. Мәселен, былтыр Терешкова көшесінің шеңберінен Пригородная көшесіне дейінгі учаскеде жиектастарды жайластыра отырып, асфальтбетонның төменгі қабаты төселді. Мамырдың мамыражай шағында көлік ағыны ең көп орталық көшелердің дені арнаулы жол белгілерімен көмкеріліп шыға келетініне жаяу жүргінші де, автокөлік тізгіншілері үйренген десе болады. Себебі, қыстан жолаушысын аман алып шыққан асфальт жол жердің бетіне көк шығысымен «маған күтім керек!» дейтіндей бетінің «әжімі» тереңдей береді. Мұндайда, шаһар көшелерінің кейбір жолдарын әзірге жасап қойғанымен, орталықтағы жолдар күрделі жөндеуді қажет етіп жатады.

– Қарағандыда жол жөндеу маусымы басталды. Нәтижесінде жол төсемінің нормативтік жағдайдағы үлесі 72-ден 79%-ға дейін ұлғаюы тиіс. Қым-қуыт қала тіршілігінде жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жөнінде айтылған сын-ескертпелерді негізге аламыз. Жол қозғалысын техникалық реттеуді жайластыру расында, сауатты көзқарасты талап ете­тіндей. Нөсерлі кәріз желілерін салу межеленді. Кезең-кезеңімен қаржыландыру жүйесін нысана еттік. Бұл қазірде ұтымды тәсіл десек болар. Тұтастай алғанда қала бойынша 128 шақырымның шашауын шығармай оңдауды мақсат еттік. Бұған жалпы 24 млрд.теңге қарастырылды. Жұмыс үде­рісіне 5 сатылы бақылау амалы іске асырылады. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының зертханасы бақылайды. Соны технологияны сәтті енгізіп жатырмыз деп ой тұжыруға болады. Оның тиімділігін ендігі жылдар көрсетеді. Биыл орталық көшелерді бір еңсеріп алсақ, ендігі жылдары халық назары түскен жерлерге мән беретін боламыз. Биыл жөндеу жұмыстарының жоспары – 128 шақырым. Бұл екі құрылыс нысаны, екі күрделі жөндеу, бір реконструкция, 127 орта жөндеу учаскесі, – деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Теміржол вокзалынан «Гогольге» дейін

Бүгінде теміржол вокзалынан Гоголь көшесіне дейін сыртқы жарықтандырудың темірбетон тіректерін алып тастай отырып, жол төсемін фрезерлеу жүргізілген. Яғни, Пичугин көшесінің атау­лы 4,8 шақырымдық автожолын күрделі жөндеу кезінде, асфальт төсемінің жоғарғы қабаты алып тасталған. Жаңа асфальт төсеу үшін жер бедерін дайындап, жолдың тегістігін жақсартуға және ақауларды жоюға даярлық жұмыс­тары ойдағыдай тәмамдалған да, С4 маркалы қиыршық тас материалын жайластыру жүргізілген. Аталған қиыршық тас маркасы әдетте, жол төсемін оңтайлы тығыздау мен дренаждық қасиетке ие. Мұнымен қатар, ауыр салмақ пен қытымыр аязға, түрлі температура мен ылғалға төзімділігімен ерекшеленеді. Әлгі айтқан дренаждық қасиеттеріне келсек, суды бойынан тәп-тәуір өткізе отырып, шалшықтың кенеттен пайда болуына және жолдың албаты төмендемеуіне септеседі.

– Осы бағыттағы жұмысқа 10 сәу­ірден бастап кірістік. Бұл көше көптен бері жөндеу көрмеген. Бірақ, сараптау амалдарының нәтижесінде жол негізі мықтап қаланғаны анықталды. Сондықтан, бюджет үнемдеу мүмкін екендігіне бір мәрте көз жеткіздік. Сондықтан, үш қабатты төсемді құп көрдік. Барлық қабаты өздігінен жолдың жоғары сапасы мен беріктігін қамтамасыз ететін сенімді және тиімді дизайн. Бас­тысы қажет материалды дұрыс таңдау және төсеу технологияларын сақтау жол төсемінің оңтайлы өнімділігі мен беріктігіне кепілдік болады. Биыл жобаны ұтып алғандағы жоба құны 1,7 млрд. теңге болған. Кейінірек қазіргі бағамдар мен санация қызметін ескере отырып, баға 3,6 млрд. теңгеге жуықтады, – деп хабарлады «Агродор» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігінің директоры Наталья Мальчушкина.

Мұндағы кәнігі мамандардың сөзінше, бұрнағы жылдары жол жөндеу амалдары кезінде кеңес үкіметінде салынған кейбір коллекторлар ескерусіз қалған. Салдарынан жауын жауысымен мұндағы кәріздік жүйе тиімсіздігін іс жүзінде көрсеткен. Жол жиегіне жиылған ағын су жолаушының берекесін алған кез болған. Биыл мұндай олқылықтың орнын толтырып, нөсер суағар құдықтары, автожолдың бүкіл ұзындығы бойынша сыртқы жарықтандырудың 20 тірегі орнатылған дейді олар. Ендігі де гранитті жиек тастарды жеткізіп, Ерубаев көшесіне дейін асфальттауға негізді дайындау жұмыстары басталып кеткен. Әлбетте, аталған соны жоба аясында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары бағдаршам, жол белгілерін орнату бойынша бірқатар істер межеленген. Мұнда, әсіресе, сыртқы жарықтандыру, нө­серлі кәріздерді және тротуарларды жайластыру бойынша атаулы жұмыстар жоспарлануда.

– Жол жөндеудің жөні бө­лек. Көлікпен зыр қағу жеңіл болғанымен тақтайдай жол төсеу – күрделі іс. Жөнекей жүріп, бір қабатты төсем профилін таңдадық. Бұл шешім көптеген факторларға байланысты. Соның ішінде, рельефтің топографиясы, климаттық жағдайлар, қозғалыс түрі және дренаждың қажетті тиімділігі. Артықшылығы жол төсемінің беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиімді пайдалануға болады. Битумге келсек, жарымы көршілес Ресейден, қалғаны Павлодардан жеткізіледі. «Битум нашар» демеңіз. Өйткені, титанды битумға қоспа ретінде қолдану технологиясын қолданамыз. Бұл – жол құрылысындағы перспективалы бағыт. Титан қоспалары жол төсемдерінің өнімділігін едәуір жақсарта алады, олардың беріктігін, температураға төзімділігін арттырады, тозуын және «қартаюын» тежейді, – деп сендірді мердігер компания өкілі.

Бөкетов көшесіндегі 2 шақырым

Қазыналы Қарағандының Оң­түстік-Шығыс бөлігі – соңғы жылдары тың қарқынмен дамып келе жатқан қаланың негізгі аумақтарының бірі. Мұнда жол инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығы бірнеше факторларға тікелей байланысты. Алдымен экономикалық өсім. Жаңа тұрғын үй орамдарымен, коммерциялық нысандарымен толыққан бұл ара көлік инфрақұрылымын жаңаша дамытуды талап етеді. Әлеуметтік маңызына тоқталар болсақ, жол инфрақұрылымын жақсарту жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, кептеліс деңгейін төмендетуге және жол жүру уақытын қысқартуға игі ықпал етеді. Қазіргі уақытта Қарағандының Оңтүстік-Шығыс жолдарының инфрақұрылымы атаулы маңды қала орталығымен, басқа да негізгі аудандармен байланыс­тыратын негізгі магистральдарды қамтиды. Оңтүстік-Шығыс арқылы өтетін негізгі жолдар Республика даңғылына, Мұқанов пен Гапеев көшелеріне ұласады. Қоғамдық көлік үшін қозғалысты басқарудың заманауи жүйелерін енгізумен қатар велосипед жолдарын дамыту және тұрғындардың экологиясы мен денсаулығына ықпал ететін велосипедшілер үшін қауіпсіз жағдай жасаудың мәні ерекше. Осы орайда, әсіресе, тұрғын аудандарда және коммерциялық нысандардың жанында жаңа тұрақ аймақтарын құру күнбе-күнгі өзекті мәселеге айналып келеді. Қоғам көшінен қалмай ақылды қала технологиясы, көлік ағынын оңтайландыру әрі қауіпсіздікті жақсарту үшін сенсор, камера және деректерді талдау жүйелерін қамтитын ақылды жол қозғалысын басқару жүйелерін енгізу көзделмек.
Шаһардың Оңтүстік-Шығысында «Заман», «Атамұра» тұр­ғын үй кешендері бой көтерген аудандағы №1 учаскеде жолдың түбін жайластыру, нығыздау, топырақ әзірлеу жұмыстары қолға алынған. Бұрын мұнда асфальт атымен болмаған екен. Бүгінде нысандағы кәріз құдықтарын тазарту, жол құрылысының құжаты негізінде асфальтбетон төсеуден өзге, көлік қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнату жоспарда бар көрінеді. Мысалы, автобус аялдамалары мен заман­ауи сыртқы жарықтандырудың мән-маңызы жоғары.

– Қосқабатты асфальтбетон тө­сеуді көздейміз. Жаяу жүргіншілер жолын салу да қаперден тыс қалған емес. Кәріз жүйесін салу өміршең мәнге ие. Жоба құны 3,2 млрд.теңге шамасында. Бүгінде 300 млн.теңге сомасындағы қаражат игерілуде. Тосын жайлар кезікпесе, бұл бағытты қыркүйек айында қолданысқа бермек жоспарымыз бар. Жол – бұқара назарындағы дүние. Сондықтан, техникалық қадағалау жұмысына баса мән берілуі қажет. Талап жоғары, – дейді қалалық автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Мәді Қожанов.

Сонымен, Қарағанды қаласында жол салу және жаңғырту қаланың тұрақты дамуы, экономикалық өсуге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға ықпал етеді. Жол инфрақұрылымына құйылған инвестиция мұқым өндірісті аймаққа ұзақ мерзімді оң әсер етеді, оның дамуы мен өркендеуіне игі ықпал етеді. Беті тобарсып қалған жерді бір түйір тасына қына бітірмей жаңалап отыру – жалпы бақытты жұрттың баянды шаруасы. Расымен, баспасөз турына қатысқан бұқаралық ақпарат өкілдері жөнделіп жатқан жолдың жарлауын өз көзімен көріп, көңілдері тоғайып, жол бойындағы жұмысшыларға кеуілқос жеткізді. Қаламға қанат етер туған жердің жолы хақындағы әзіргі соны мәлімет легі осындай, қадірлі оқырман. Тек, ескі жол санамызды сарғайта мазаламай, жаңа жол жаңа мақсатқа жетелегей!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button