Қарқаралы

Жұмыс қарқын алуда

    Елімізде діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауда, діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу мақсатында көптеген ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Халықтың діни сауаттылығын ашу, ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жеткізу мақсатында халықпен кездесулер ұйымдастырылып, түрлі семинарлар өткізіліп тұрады. Осындай ілкімді істерге Қарқаралы ауданында да басымдық берілген. Оның бір дәлелі, аудандағы жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған конфессияаралық қатынастарды зерттеу және талдау секторы өзінің жұмысын бастап кетті.

Бүгінгі таңдағы әлемдік қоғам үшін өзекті мәселенің бірі – исламды сан тарауға бөліп, өз ыңғайына икемдеп, ел арасына бүлік салып жүрген түрлі ағымдардың жантүршігерлік әрекеттері жиі орын алуда. Әрине, мұндай оқиғалар біздің елімізде де болды. Осындай әрекеттерге барып жүргендердің басым бөлігі өзіміздің қаракөз қандастарымыз екені өкінішті.

Адамдардың наным-сеніміне, әдет-ғұрпына жат нәрселерді уағыздап, соларды іске асыру, жазықсыз адамдардың өмірін қию жат пиғылдылар үшін түк емес. Және де бүгінгі күнде бұлардың қатарларының күн санап көбеюі де қоғам үшін алаңдатушылық туғызуда.

Сектор қызметкерлері арнайы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, алдымен жасөспірімдермен кездесу өткізіп, жұмыс барысының мақсат-міндеттерімен таныстырып, өскелең ұрпақты толғандырып жүрген сұрақтарына нақты жауап беріп отырады. Осындай кездесу қала басындағы М.Әдекенов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде «Диструктивті және экстремистік ұйымдардың әлеуметтік көрінісі» атты тақырыпта өтті.

Жиынды ашқан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры А.Рахымбергенов орталықтың жасап отырған жұмысына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Кездесу барысында аталмыш сектордың меңгерушісі А.Хасенов аудан аумағындағы дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу, жолын кесу, олардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жұмыстар жүргізу секілді алдын алу шараларының бүгінгі күнде атқарылып жатқандығын жеткізді. Сектор маманы Ә.Анзабеков адамдар арасындағы діни сауаттылықты арттыру дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алудағы басты құрал екендігін жеткізді. «Осыдан 10-12 жыл бұрын дәстүрлі дінімізге сырттан келіп араласып кеткен салафи, уахаби деген ағымдар ислам дініне жақсылық ойлап жатқан жоқ. Адамдар арасында араздық туындатып жатқан ағымдардан дер уақытында өскелең ұрпақты сақтандыру – біздің басты мақсатымыз», – деп атап өткен аталмыш сектордың маманы Ә.Әбеуов колледж студенттерінің көкейде жүрген сұрақтарына жауап берді.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button