АймақҚарағанды

Жұмысқа жол тап

Аймақта «Jumys Tap» жобасы аясында оқыту курстары басталуда. Осы аптаның басынан Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде оқыту жүріп жатыр. Ондағы мамандардың айтуынша, қазір қатысушылар теория негіздерін меңгеруде, келесі аптадан практикалық сабақтар басталады.

Сурет ашық дереккөзден

Колледж директорының оқу өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Диляра Апсалямованың айтуынша, қазіргі уақытта аспазшы және кондитер мамандықтары бойынша 20 адам оқып жатыр.

– «Jumys Tap» жобасы бойынша біздің колледжде жеті мамандыққа оқып шығуға болады. Олар – аспазшы, кондитер, бариста, даяшы, нан илеу­ші, формалаушы. Қысқа мерзімді курс болғандықтан 5-25 күн аралығында оқытылады. Осы кезеңде біліктілік алып шығады, – дейді Диляра Апсалямова.

Әр мамандықтың оқыту уақыты әртүрлі. Мәселен, даяшылыққа бес күн, бариста болуға – он, аспазшы немесе кондитер атану үшін 25 күн білім алуы керек. Қазіргі уақытта аспазшы және кондитер мамандықтарына он адамнан 20 адам қатысып жүр.

– Оқуға қатысуға мансап орталықтары арқылы жазылады. Олар таңдаған мамандығына қарай колледждерге жібереді. Біздің колледжде оқытуды жоғары категориялы, білікті мамандар жүргізеді. Алғашқы күні кіріспе курсы жүргізілді, колледждің ішіне экскурсия жасады. Қазір теория негіздерін үйреніп жатыр, келесі аптадан практикалық сабақтар басталады, – дейді Диляра Рафаильқызы.

Ол курстарға жазылып жатқандар көп екенін айтты. Бес күн оқығандар сертификат алады, ал, одан көп күн оқығандарға мемлекеттік үлгідегі куәлік табысталады.

– Жалпы, бір біліктілікті игеру үшін оның ішіндегі құзыреттіліктерді толығымен игеру керек. Қысқа мерзімді курс барысында сол құзыреттіліктердің барлығын емес, негізгі бөлігін ғана меңгереді. Бұл сол сала бойынша жалпы біліп, негізгі жұмыс технология­сын меңгеруге жеткілікті, – дейді ол.

Аталған жоба мансап орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыз азаматтарға ғана емес, жаңа мамандық игеремін деген кез келген адамға арналған. Жұмыс жағдайына, жасына және тіркеуіне қарамастан оқытып, кейін жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Оқыту Қарағандыдағы – бес, Теміртаудағы екі колледж базасында жүргізіледі. Қарағанды технология және сервис колледжі, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі, Қарағанды көлік-технологиялық колледжі, Қарағанды техника-құрылыс колледжі, Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі және Теміртау жоғары политехникалық колледжі оқыту курстарына қабылдайды.

Қазіргі таңда өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр. Жоба ұйымдастырушыларының мәліметтеріне сүйенсек, 48 кәсіпті таңдауға болады. Оның ішінде, тігінші, шаштараз, шиномонтажшы, электргаз дәнекерлеуші, сайт әзірлеу­ші, бейнемонтажер, мобилограф және тағы басқалары бар. Оқыту бағдарламасы арнайы әзірленген. Оқыту кезінде практикалық сабақтарға баса назар аударылады. Себебі, қатысушылардың аз уақыт ішінде барынша көп біліп, жаңа біліктілікті меңгеріп шығуына басымдық берілген. Білім алушылар заманға сай мамандықтарды құлшына меңгеріп жатыр. Бәсекеге қабілетті білікті маман қашанда сұранысқа ие. Осы жете түсінген жастарәр минутты тиімді пайдалануда.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button