«Жұмыла көтерген жүк – жеңіл»
Абай облысындағы қайғылы оқиғаға барша жұрт атсалысып, көмек қолын созуда. Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы екі күн ішінде құтқарушылар мен зардап шеккендерге көмектесу үшін қол жинады. Қиындыққа тап болған адамдарға қажетті заттарды жеткізді, олар – су, азықтүлік және гигиена құралдары. Көмекке қол жинауға этномәдени бірлестіктер мен ҚХА ұйымдары қатысты.
Ал, Аналар кеңесі қолөнершілер жасаған жейделер мен гигиеналық маскаларды ұсынды. Еріктілер гуманитарлық көмекті жинауға және барлық заттарды көлікке тиеуге көмектесті.
– Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Асар дәстүрі осындай қиын жағдайларда көмектеседі. Біз бірігіп, екі күн ішінде гуманитарлық көмек жинадық. Алдымен штабқа қоңырау шалып, бірінші кезекте не қажет екенін білдік. Мұнда су, кофе, энергетикалық сусындар, жемістер, тоқаштар, қағаз және дымқыл майлықтар және т. б. бар, – дейді Қарағанды облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Нұрлан Әубәкіров.
Абай облысына гуманитарлық көмектің бірінші партиясы жіберілді. Көмектің келесісін жіберуге қызу дайындық үстінде. Сонымен қатар, қала халқы да аянбай үлес қосып жатыр.
– Бастамаға этномәдени бірлестіктер де қосылды. Отандастарымыздың өмірін қиған Абай облысындағы апат баршамызға ауыр тиіп отыр. Зардап шеккендерге және өртті сөндіруге қатысқандардың барлығына, сонымен қатар орман алқаптарын құтқару үшін күресіп жатқандарға көмек көрсету адамгершілік парызымыз, – деді «Полония» облыстық поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский.
Алданыш ОЛЖАБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің II курс студенті.