Жаңалықтар

Жұмбақ жан

Тумысынан тұлғасы тал бойына жарасып тұратын, азаматтығы – атадан, тектілігі – əкеден дарыған, шалқар білім сарқыт болып санасына қонған, қарапайым, қайсар мінезді, қайырымды, ерекше жандардың бірі – Амангелді Əбіл. Ол – жұртшылықтың ризашылығына бөленіп, қариялардың батасын алып, қамшының сабындай қысқа ғұмырында алғыс пен абырой арқалап өткен Арқаның арда азаматы болатын.

Амангелді Әбіл
сурет автордан

1960-1962 жылдары аудандық М.Горький атындағы орта мектепте екі жыл оқыдым. Сол кездерде пейілі кең Əбіл əкеміздің үйіне туысқан болып барып жүргенімде орыс класында оқитын Амангелдіні сырттай іш тартып жүретінмін. Десе де, Амангелдінің тарапынан маған деген ілтипаты байқала қойған жоқ. Ол кезеңде ауылдан келген қара домалақтарды ауданның орыс тілді оқушылары көзге іле қоймайтын. Оның үстіне, мен небəрі екі-ақ жыл оқып, одан əрі колхоздың қара жұмысының жармасына жегіліп кете бардым. 1969 жылы Торғай екеуміз отау құрысымен ауданға қоныс аудардық. Келгеннен бастап, Қайырқұл, Базыл, Төкен, Мұрат, Бағдат, Нұрымбек бастаған жаңа ортаға тап болдық. Аудандық комсомол комитеті жастардың қайнаған қызу орталығына айналып тұрған кез еді. Сол жылдары аудандық ауыл шаруашылық басқармасында институтты бітіріп келіп, экономист болып жұмыс атқарып жүрген Амангелдімен де қоян-қолтық араласа бастадық. Бүкіл Калинин колхозының ауданға сапарлаған жолаушының бəрі Əбіл əкеміздің құт-берекелі шаңырағына ат басын тірейтін. Қай уақытта болсын үйінің тұсынан өтіп бара жатқанда есік алдында сары самаурын қайнап, қазанда бауырсақ пісіп жататын. Əбіл əкеміз үйге шақырып алып, шəй үстінде айтатын əңгімесі Амангелдіні жете тани түсуіме ықпал етті. Əке мейірімінің арқасында біз дос болдық.

Қайырымдылығымен «қалтқысыз Қайрекең» атанған, қысқа сөйлеп, көп ұқтыратын Қайырқұлдың, аузын ашса, көмейі көрінетін Төкеннің, аңғалдығы күлдірмей қоймайтын, «аты арып, тоны тозбас» Мұраттың, қара сөзден май шығарып, қозғалғанды қалт жібермес қырағы Бағдаттың, сөзге шорқақ болса да мінезге бай Нұрымбек пен алды-артын бағамдап, барлап, бақылап отыратын Базылдардың базарлы ортасында томаға-тұйық, сырға бекем Амангелдінің шыдамдылығына, мінезінің көркемдігі мен ұстамдылығына таң қалатынбыз. Адам баласының сарқылмас рухани байлығы мінезінде екендігін Амангелдіден түсіндік. Сондай-ақ, өзінің алған бетінен оңайлықпен қайтпайтын, тым қаталдыққа да жата қоймайтын қайсарлығына көңіл марқаятын.

Сонау бір жылдары сайлау науқанын жеңіспен тəмамдап, қайтар жолда Сарышығаннан Ақтоғайға дейін «волгасының» алдыңғы əйнегін жаппай, жолдастарының бəрін қалтыратып əкелгені – сол жарастықты мінезінің бір көрінісі еді. Амангелді жайшылықта баяу сөйлеп, өзімен-өзі, өз ақылымен ғана сырласатын, өмірде еш нəрсеге қызықпайтын, өткінші оқиғаларға бейжай қарап, мəн бермейтін салқынқанды, самарқау, кез келгенді дария көңілінің тереңіне бойлатпайтын жұмбақ жан болып көрінеді. Бір көрген бейтаныс адамдар түгілі, үзеңгілестерінің өзі солай ойлап қалады. Ал, шындығында – мүлдем бөлек жаратылған құпия адам.

«Сіз» деген сөз аузынан түспейтін. Былапыт, балағат сөзді аузына алмайтын. Өзін жарнамалауды жақтырмайтын. Қай ортада болмасын киіп-жарып төрге ұмтылмайтын, кісі сөзін бөлмейтін, дауласып сөз таластырмайтын. Кішпейілділігі қызметте де, дастархан басында да ерекше аңғарылатын. Құрдастарына, əсіресе, əйелдерге келістіріп ат қоятын. «Кеудеге ашу ұяласа, бастан ақыл кетеді» деген ұлағатты берік ұстанған пірадар деуге тұрарлық ғажап адам. Жаратылысынан жалғасқан керемет қасиеті – дұшпанына да кек сақтамайтын кешірімділігі мен тірі пендеге жамандық ойламайтын кеңпейілділігі еді. Бəзбіреулер сияқты білетіні аз болса да, ділмəрсініп, қосып айтатыны көп болатындардың қатарынан емес. Керісінше, мен білемін деп кеудесін қақпай, ой-зердесіндегі жиған-тергендерін мұқтаждықпен сұрағандардың санасына байыппен түсінікті етіп құйып беретін парасат иесі.

Мамандығы экономист болғанымен, өзге салалардан да хабары бар еді. Та

рихты танудағы тағылымы, өнерге деген құштарлығы, спортты жанындай сүйетіндігі, табиғатпен үндестігі, қолының қас шеберлігі мен аңшылыққа деген əуестігі – осының бəрі Амангелдінің бойындағы тарау-тарау талантының ұшқынындай жарқырап көрінетін. Жайшылықта байқала бермейтін ерекшеліктер. Амангелдінің Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өмірі туралы қара өлеңмен жазып қалдырған көркем шығармасы тарих қазынасының шырағындай болып сақталуда. Ақтоғай халық театрының сахнасына Қараменде бабасының бейнесін сəтті алып шыққаны – өнерге деген құштар көңілінің айғағы. Ал, спорт десе «ішкен асын жерге қоятын». Бала жасынан Тоқырауын өзенінің арнасындағы көк мұзда тепкен қайқы конькиін 70 жасқа жеткенше тастамады. Хоккейден ардагерлер командасын құрудағы бастамасы жастардың намысын тудырып, өзен арнасының аспан астындағы хоккей кортына айналуына себепкер болған. Тау-тас ты аралап, аудан аумағындағы көркем жерлерді суретке түсірді. Түсіргенінің бəрін үлкен фотоальбомға айналдырды. Ол еңбегін музейге тапсырды. Біздің екі адымымызды бір-ақ аттап, тау-тасқа өршеленіп өрмелегендегі күш-қуатына қарап таңғалатынбыз. Ал, қолөнерлігі – бөлек əңгіме. Бойындағы дарыны – Шалқар əулиеден, ғұмырында аңызға айналған атасы Шайхыстамбек ақсақалдан дарыса керек. Арманы аспанға жетелеп, көңілімен көкжиектегіні шалып жүрген жігіттік шағында Қарасу ауылының толықсыған аруы Мəнтайды бір көріп қайту үшін менің екі аяқты «Восход» мотоцикліммен 110 шақырым жерге баратын. Ауызекі сөзге сараң болғанымен, екі тілде бірдей сауатты жазатын. Аудармашылықпен де бір адамдай айналысты.

Аудандық партия комитетінің идеология бөліміне жетекшілік жасап, өнердің өркен жайып, ауыл спортының қанаттануы жолында аянбай тер төкті. Қарттыққа бет бұрған шағында өзінің сүйікті мамандығына қайтып оралып, облыстық қаржы бақылау басқармасында жауапты қызмет атқарды. Сол жерден зейнетке шықты. Өмірі өзіне аян, өзгеге жұмбақ болған, адал дос, қамқор əке, аяулы жар, сегіз қырлы, бір сырлы, жаны жайсаң азамат Амангелдінің ешкімге ұқсамайтын асыл қасиеттеріне таңғалып, тамсанып қызығып, мақтан тұтатынбыз. Қанша жерден болаттай берік мінезді, салқынқанды сабырлы болса да, жан баласы Бауыржанының мезгілсіз қазасының күйігіне төзе алмады. Күйзеліспен өмірден өткен арда тұтар досымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Тұңғышбай МҰҚАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button