АймақОсакаров

Жұмабай ақсақал жолда жүр

Бірнеше жылдан бері елімізді шайтан арбасымен аралап жүрген ақтөбелік велошабандоз Жұмабай Отарғалиев сол дәстүрінен биыл да айнымапты. Үлкен жолға 30 маусымда Ақтөбеден шыққан ол 17 шілде күні Осакаров ауданының орталығына жетті.

Суреттерді түсірген: Г. Аманбаева

Жұмабай ақсақалдың жасы осы шілде айында жетпіс бірге шығады. Көп жылдар бойы теміржол саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққанына да біраз жылдың жүзі болған. Бірақ солай екен деп құс жастықты құшақтап демалғанды құптамайтын көрінеді. Жұмыстан қолы босаса да бойы тың, қимылы ширақ көкемізге зейнетке шыға сала бір тамаша ой келген. Қазақтың ұлан-ғайыр жерін аралап шығу ерте жасынан бергі арманы екен. Кеуде түкпірінде сақталған сол бір қиялы қайта қылаң беріп, зейнеткер ағамыз велосипед сатып алады. Әуелі Шалқардан Ақтөбеге дейінгі 350 шақырым жолды  асықпай бір жұмада жүріп өтіп, өзінше тәжірибе жасап көрген. Содан кейін ғана республиканың түкпір-түкпірін аралауға бел буыпты. Шайтан арбамен саяхат құруды салтына айналдырған Жұмабай Отарғалиев әр жылдағы сапарын кәнігі спортшылар сияқты еліміздегі айтулы шараларға арнап отырады екен.  Өткен жылдардағы жетістіктерін, мысалы, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына, Астананың 25 жылдығына, Шу-Мойынты шойын жолының 70 жылдығына арнаса, биылғы марафонын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арнап отыр.

Жасы келген адамның жалғыз өзі мыңдаған шақырымды артқа тастап келе жатқанын қызық көретіндер де, алаңдап отырғандар да баршылық. Бейсенбі күні Астана-Қарағанды тас жолымен заулап келе жатқан велосаяхатшыны Осакаров кентіне кіреберісте Осакаров ауданындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, осы ауданның Тілдерді дамыту, Ішкі саясат, Білім бөлімдерінің өкілдері, Жастар ресурстық орталығы құрметпен күтіп алып, дәм-тұздарын ұсынды. Жолсоқты боп шаршаған марафоншыны ортаға алып, жергілікті өнерпаздардың ән-күйіне бөледі. Ақсақалдың иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, қоржынын ас-суға толтырды. 

Көпті көрген велошабандоз көпшілік сұраған соң басынан кешкен қызықты оқиғаларын айтып, өзі де бір жасап қалды. Жастарға үлкендік ақыл-кеңесін айтып, батасын берді.

– Шыным сол, үйде төрт қабырғаға телміріп отыра алмаймын, – дейді ақсақал. – Әйтеуір бір жаққа сапарлағым кеп, жаңа бір дүниелерді танығым кеп тұрады. Өзім спортты жақсы көремін, ол адамды сергітеді, өміріңді де ұзартады. Кезінде волейбол ойнап, теміржолшылар командасының сапында республикалық жарыстарға қатысқам. Енді осы саяхатшылыққа көңілім ауды, қадірін білгенге бұл да бір керемет спорт қой! Өз басым жалпы көпшілікті кәрі-жасына қарамастан осы велоспортпен шұғылдануға шақырғым келеді.

Жолдан шаршап келе жатқан жолаушы осы күні Осакаровка кентінің қонағы болды.  Аудандық Спорт бөлімінің өкілдері ол кісінің көңілі сергісін деп, жергілікті жастармен волейбол ойнатты. 

Ертеңгісін күнмен таласа тұрған шабандоз қонаққа осакаровтықтар таңғы ас үстінде сәтті сапар тілеп, Қарағанды бағытына шығарып салды. Велошабандоздың негізгі мақсаты – ұлы Абайдың 10 тамызда болатын 180 жылдық тойына дейін Семейге жету. Мыңдаған шақырымдық шеруін биыл сол жерде тәмамдамақ. Салауатты өмір салтын нассихаттап, бейбіт елдің елшісіндей жолда жүрген абзал жанға біз де оң сапар тіледік!

Болатбек ӘШІМҰЛЫ

Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button