Әдебиет

Жұмақтың жолы

 

Орманның азғанынан,

Көбісін көктей кестім.

Алланың жазғанынан,

Айналып өтпейді ешкім.

Уақыт – астан-кестен,

Ұшырар долы сынды…

Басқалар бастан кешкен

Замана жол ұсынды.

Білгенге құлақ асам,

Жол ауыр, жасырмайды.

Бағыңды сынамасаң,

Бақытың ашылмайды.

Алдынан ауық-ауық,

Қайталар долы құйын.

Тосыннан толы қауіп,

Жосылған жолы қиын.

Түзуін таңдамасаң,

Саныңды соқтырады.

Абайлап, аңдамасаң,

Ізіңді жоқ қылады.

Көш бастар ер табам ба?

Көргені көздің – елес.

Кергитін кер табанға,

Сергитін мезгіл емес.

Қолында күш тұрғандар,

Тез байып, тез де өседі.

Жұмыла іс қылғандар,

Жұмаққа кездеседі…

Сайлаухан Нәкенов.

Басқа материалдар

Back to top button